Республикалық жолдарға видеокамерасы мен жылдамдық өлшегіші бар аркалар орнатылады
Республикалық жолдардың әр 40-50 шақырымына видеокамерасы мен жылдамдық өлшегіші бар аркалар орнатылады. Бұл туралы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«Біз инвестициялық конкурс аясында республика бойынша 11 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгіземіз. Бұл ретте интеллектуалдық-көліктік жүйеге басымдық беріледі. Яғни жолдың бұл учаскелері камералармен, скоростемермен жабдықталады. Сонымен қатар алдағы уақытта ұзын жолдардағы жаяу жүргіншілер өтетін бөлікті жарықтандырамыз», – деді Талғат Смағұлов компанияның Instagram парақшасында сұрақтарға жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан – Щучинск арасындағы жолға арка орнатылған. Ол жерде видеокамера бар.
«Біздің мәліметтеріміз бойынша дәл сол жерде жол ережесін бұзудың 8 мың фактісі тіркелген. Оның ішінде 39 жағдайда жүргізушілер жылдамдықты сағатына 200 шақырымнан асырған. Алдағы уақытта мен атаған 11 мың шақырым жолдың әр 40-50 шақырымында аркалар орнатылады. Дәл сол жерде видеокамералар мен жылдамдық өлшегіштер қойылады», – деді ол.