Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңыздылығына байланысты 2020 жылы жарма дақылының алқабын ұлғайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздің жекелеген облыстары үшін өткен жыл қысылтаяң болды. Атап айтқанда, 2019 жылдың егін жинау қорытындысы бойынша 17,4 млн тонна астық бастырылды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 2,9 млн тоннаға немесе 14,3 пайызға төмен. Шілде-тамыз айларындағы аптап ыстық ұзақ жаңбырға ұласып, мұның салдары жиналған өнім көлеміне де, сапасына да әсер етті», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров ведомствоның алқа мәжілісінде.
Вице-министрдің айтуынша, жалпы негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының көпшілігі бойынша өндіріс көлемі мен өнімділік орташа өсімді көрсеткен.
«Ақтөбе және Маңғыстау облыстарын қоспағанда барлық облыс жемшөп дақылдары бойынша меморандумның индикативті көрсеткіштеріне қол жеткізбегенін жеке атап өткім келеді. Облыс әкімдіктеріне жемшөп дақылдарының алқабын кеңейту үшін жағдайды түзету бойынша шара қабылдау қажет. 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн га жерге егу жоспарлануда. Бұл көрсеткіш 2019 жылғы деңгейден 240 мың га артық», – деді ол.
Биыл майлы, жемшөп, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың алқабы ұлғайтылмақ.
«Өткен жылы қарақұмық алқабы 2018 жылмен салыстырғанда 29,4 мыңға қысқарғанын айта кету керек. Алқаптардың күрт қысқаруы Шығыс Қазақстан (11,7 мың га), Павлодар (9,2 мың га), Қостанай (7,0 мың га) облыстарында байқалды. Бұл қарақұмық жармасының құнына әсер етіп, барлық өңірде оның қымбаттауына әкеп соқтырды. Осыған байланысты аталған жарма дақылының алқабын оның әлеуметтік маңыздылығына байланысты ұлғайту қажет деп санаймыз», – деді Айдарбек Сапаров.