Басты

Ақтоты Райымқұлова «Рухани қазына» республикалық фестиваліне қатысушыларға табыс тіледі

Бүгін  Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елімізде мәдениет ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалі басталады. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова фестивальге қатысушыларға табыс тіледі, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

«Эпидемиялық жағдайға байланысты биыл III-ші «Рухани қазына-2020″ республикалық байқауы онлайн форматта өткелі отыр. Бүгінде фестивальге қатысу үшін еліміздің 14 өңірінен 255 өтінім келіп түсті. Сондай-ақ мәдени-демалыс ұйымдарының қызметкерлерін қолдау мақсатында Темірбек Жүргенов, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Рамазан Бапов, Өзбекәлі Жәнібеков, Ілияс Омаров атындағы арнайы жүлделер тағайындалады», деді Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, фестиваль аясында «Бір отбасы – бір кәсіп» атты арнайы жүлде табысталады. Бұл жүлдемен кітапханашы, музей және клуб қызметкері мамандығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулеттер марапатталады. Сондай-ақ мәдениет ұйымдарының 29 жасқа дейінгі жас қызметкерлеріне арнайы «Жыл серпіні» атты номинация қарастырылған.

«Осы орайда Фестиваль жыл санап мәдениет саласын тұрақты дамытуға, осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер өзін-өзі жетілдіруіне, креативті ойлау қабілетін дамытуға және тәжірибе алмасуға шабыттандырады деп сенемін. Байқауға қатысушылар әрдайым көп,  дегенмен «үздіктерді» білікті қазылар алқасы анықтайды, сондықтан нәтижеге қарамастан, қол жеткізген жетістіктеріңізбен тоқтап қалмаңыздар дегім келеді. Байқау – бұл әрдайым дамудың, жаңа біліммен толығудың жаңа кезеңі. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – делінген министрдің құттықтау хатында.

Айта кетейік, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдан бері мәдениет ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалін өткізіп келеді. 2018-2019 жылдары байқауға еліміздің 17 өңірінен келіп түскен 200-ден астам өтінімнің ішінде 20 номинация бойынша үздіктер анықталған болатын.

Байқау мемлекеттік музейлер (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мемлекеттік кітапханалар (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мәдени-демалыс кешендері, мәдениет үйлері, клубтар (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар) және мәдениет ұйымдарының қызметкерлері арасында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button