Биыл 30 мың ағаш отырғызылады. Жұмыстар елорданың барлық ауданында жүріп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«Қалада тал егу, жасыл белдеуді қалыптастыру және экологиялық аумақтар құруда жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Отырғызылған көшеттердің өсуі үшін бірнеше жыл уақыт керек екенін білеміз. Әрине еккеннен кейін оларды күтіп таптау керек. Біздің коммуналдық қызметкерлер қолайсыз ауа райына қарамастан еңбектеніп жүр. Қала тұрғындары да өсімдіктерге ұқыпты қарауы қажет.
Өсімдіктерді қорғау мақсатында жасыл көшеттерді күту әрі қорғау ережелері күшейтілді. Бұрын кесілген бір ағаштың орнын толтыруға бес ағаш егілетін. Енді бір ағаш кесілсе, оның орнына он ағаш отырғызу керек болады.
Биыл 30 мың ағаш отырғызамыз. Жұмыстар елорданың барлық ауданында жүріп жатыр. Жасыл белдеуде 330 мың жапырақты және қылқанжапырақты ағаш, 3 мыңнан астам көшетке дейін егеміз. Жалпы, қазір жасыл белдеу аумағында 10,2 млн астам ағаш пен 1,8 млн бұта (қарақат, мойыл, бөріжидек, көріктал) өсіп-өніп жатыр.
Аулалар, саябақтар, скверлер мен бульварларды абаттандыру кезінде, құрылыс барысында аумақты көгалдандыруға ерекше мән береміз. Өсімдіктер кеуіп кетпес үшін суару жүйесін 20%-дан 90%-ға дейін қалпына келтірдік.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында экотуризм мәдениетін дамыту маңызды міндет екенін айтқан болатын. Біз осы мақсатта экосаябақтар құру бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Олар халық жиналатын орын ғана болмай, қала экологиясын біршама жақсартуға да мүмкіндік береді», деп жазды Алтай Көлгінов.