Павлодар облысының әкімі кезекші сынып оқушыларына толық эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және оқу процесіне кедергі келтірместен мектеп учаскелерін абаттандыруды аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
№43 мектепте Әбілқайыр Сқақов кемшіліктерге босағадан-ақ назар аударды – пандустан кіреберіске өтетін жер қопарылып жатыр екен. Сондай – ақ оқу орнының кіреберісінде әкім санитайзерлерді көбірек орнатуды ұсынды – дәлізде тек біреуі ғана болды.
– Мектепте 15 адамнан аспайтын кезекші топтарда 400 оқушы оқитын болады, – деді мектеп директоры Қайыржан Молдабеков. – Бір үстелде бір бала орналасады. Қашықтан оқытуға келетін болсақ, компьютерлерге мұқтаж адамдардың барлығына – 79 адамға ұсындық. Қажет болған жағдайда қор бар.
Оқу орнының аумағында өңір басшысы құлаған шам бағанына назар аударды.
– Мектеп басшылығы тарапынан шаруашылық икем қажет, – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. – Оқу жылы басталар алдында оқу орнының аумағын аралап, егер бар болса, кемшіліктерді жою немесе жөндеу қажет.
№29 мектепте де облыс әкімі абаттандырудағы кемшіліктерге назар аударды. Сондай-ақ өңір басшысы лық толы қалалық оқу орындарын қосымша құрылыс салу есебінен кеңейту керектігін еске салды. Ол үшін Павлодар билігі қандай мектептерде жаңа корпустар салуға болатынын талдау қажет.
№14 мектепте Әбілқайыр Сқақов домбыра, шахмат және робототехника сыныптарында болды. Облыс әкімі мұндай кабинеттер тоқтап қалмауы тиіс екенін атап өтті. Қосымша білім беру бала тәрбиесінде үлкен маңызға ие. №17 мектепте Әбілқайыр Сқақовқа 1-4 сыныптардың 537 оқушысы мектепте, 169-ы қашықтықтан оқитынын айтты. Білім күні қарсаңында барлық бастауыш сынып мұғалімдері балалармен кездесуге дайындалуда.
– Оқу жылының басталуына дайынбыз, – дейді педагог Бақытжан Смағұлова. – Ата-аналардың рұқсатымен біз бастауыш сыныптармен мектепте жұмыс істейміз. Біздің сыныпта компьютерлерге немесе ноутбуктерге деген қажеттілік жоқ. Мектепте техника қоры бар.
№21 мектепте оқушылар ағынын бөлу үшін бірнеше кіреберіс жұмыс істейтін болады. Олардың әрқайсысына педагогикалық құрамның өкілі бекітілген. №1 мектепте балаларды қабылдауға дайындықтың уақтылы аяқталғаны туралы айтты. Мұнда да өңір басшысы оқу орнының аумағын абаттандырудың жеткіліксіз деңгейіне назар аударды. Әбілқайыр Сқақов мектептерде балалар мен педагогтарға қолайсыздық туғызбай, барлық кемшіліктерді жоюды талап етті.