EcoБасты

Шардара СЭС-інде № 4 гидроагрегат сынақтан ойдағыдай өтуде

Шардара су электр станциясының (СЭС) энергетиктері Andritz Hidro GmbX компаниясындағы серіктестерімен бірлесе отырып № 4 жаңа гидроагрегатты құрастырып шықты. Нысанды түбегейлі жаңғырту жобасының бұл соңғы сатысы, соның нәтижесінде станцияның қуаты  26%-ке ұлғаяды.

Бұл күндері Шардара СЭС-інде байқау мақсатында іске қосылған № 4 жаңа гидроагрегат тест сынақтарынан  өтуде. Мамандар турбина мен жабдықтың жұмысын бақылап, алынған нәтижелерді талдаудан өткізуде.

Мамандардың сөзінше, жаңа импорттық жабдық жылына қосымша 57 млн. кВтсағат электр энергиясын өндіруден тыс, су станциясының жұмыс істеу мерзімін 35-40 жылға ұзартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырып, авария деңгейін төмендетеді.

Харьков зауытының (Украина) елу жылдан астам уақыт қызмет еткен ескі гидротурбиналары австриялық-германиялық Andritz Hidro GmbX компаниясының өніміне ауыстырылды. Жаңа гидроагрегаттар Шардара СЭС-інде электр энергиясын өндіруді жылына 480 млн. кВтсағаттан 537 млн. кВтсағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Нысанды технологиялық жаңғырту энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие. Жобаның жалпы құны 38 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыру 32%-ке «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қаражаты есебінен, 68%-ке несие есебінен іске асырылуда. Жоба мердігері – австриялық-германиялық Andritz Hidro GmbX компаниясы.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы екі гидроагрегатты іске қосудың арқасында Шардара СЭС-і электр өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. Жоспарланған 378 000 мың кВтсағаттың орнына 464 841 мың кВтсағаттан астам электр энергиясы өндірілді.

Шардара СЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілді, белгіленген қуаты 100 МВт және гидроагрегаттарының саны – 4. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станцияның технологиялық жабдығы жарты ғасырдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, сондықтан үнемділігі мен пайдалану сенімділігі тұрғысынан жабдықты одан әрі пайдалану мақсатқа сай болмай қалды.

Қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы жаңа гидроагрегат 2019 жылғы ақпанда іске қосылды, сәуір айында екінші, ал 2019 жылғы желтоқсанда – үшінші гидроагрегат пайдалануға берілді. Төртінші гидротурбина орнатылып, тест сынақтарынан өткеннен кейін, Шардара СЭС-інде станцияның жобалық қуаты – 126 МВт-қа шығуға дайындық басталады.

«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі.  2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button