Алматыда балаларға арналған әлеуметтік клубтар ашылады
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисте балаларға арналған әлеуметтік клубтар ашылатыны туралы мәлім етті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Аға буынның белсенді өкілдері — бұрынғы оқытушылар, музыканттар, әртістер тәрбие жұмысына атсалысуда. Олар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына «Айнабұлақ – 2» ықшамауданындағы «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубында сабақ өткізеді»,– деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында.
Оның айтуынша, клубта санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің барлық шаралары сақталады. Қызметтің бұл түрлеріне рұқсат берілгеннен кейін мұнда бейнелеу өнері, актерлік шеберлік, вокал, музыка мен би, домбыра, дойбы және шахмат үйірмелері ашылады. Сондай-ақ, мұнда емдік дене шынықтыру және өзіндік дайындық сағаттары бар. Кез-келген бала қызығушылық таныта алады. Екі ауысымда жұмыс істейтін клуб 50 келушіге арналған.
«Ең бастысы, балалар отбасылық атмосферада қамқор ата-әжелердің бақылауында болады. Біз осы әлеуметтік жобаны кеңейтіп, тағы үш клуб ашатын боламыз»,– деп атап өтті әкім.
ц