Қарағанды облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өңірдегі жаңа оқу жылына даярлықтың барысын мәлімдеді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Басқарма басшысы биылғы оқу жылы қарсаңында өңір мектептері үшін 34 мыңнан астам компьютер сатып алынғанын мәлім етті. Бұл техникалар дербес компьютерлері жоқ мұғалімдер мен оқушыларға таратылып беріледі. Мұндағы мақсат – аз қамтылған отбасылардың балаларын қоса алғанда, барлық оқушылар үшін қашықтан оқыту жүйесін қолжетімді ету.
– Біз мұғалімдерді даярлау кампаниясын белсенді жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 248 педагог оқыту әдістемесі бойынша арнайы курстардан өтті, 18 мыңнан астамы заманауи білім платформаларында жұмыс істеуді меңгерді, – деді Гүлсім Қожахметова.
Өңірдегі мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету ісі жалғасуда. Бүгінгі күнде жалпы қажеттіліктің 61%-ын құрайтын кітаптар өңірлерге таратылған. Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл мектеп оқушылары облыстық бюджет есебінен оқу құралдарымен толықтай қамтамасыз етіледі.