Баға мониторингі және электрондық сауданы дамытуға халықты тарту қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Баға мониторингі және электрондық сауданы дамытуға халықты тарту қажет. 2019 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында бағаға мониторинг жасайтын PRICE SCANNER мобильді қосымшасы іске қосылды. Бағалар туралы барлық деректер азаматтардан алынған ақпаратқа негізделген», – деді ол.
Министр мұнан бөлек электрондық сауда алаңдарын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Мәселен, бүгінгі күнде Оңай Базар және Happy food Astana сияқты желілер ашылды. Олар өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, дүкендерде картоптың бөлшек бағасы 100-ден 150 теңгеге дейін болса, электронды алаңдардың бағасы шамамен 75 теңгені құрайды»,- деді Бақыт Сұлтанов.