Басты

Орталық Азия жастарының медиасауатын арттыру үшін ойын платформасы қолданылады

Орталық Азия жастарының медиасауатын арттыру үшін QLEVER ойын платформасы іске қосылды, деп хабарлайды Alash24.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жоба арқылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан жастары ойын ойнай отырып ұпай жинайды және оларды мобильді бірліктер мен бағалы жүлделерге айырбастай алады.

«Біздің ойындық тәжірибеміздің мақсаты – Орталық Азия елдерінің жастарына жалған ақпарат пен өшпенділік тілін анықтаудың маңызды дағдылары мен әдістерін нығайтуға көмектесу. Бұл аймақтағы медиасауат деңгейі жоғары емес. Көп жағдайда қоғамда медианың демократиялық қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі туралы терең білім болмайды. Тұтас әлемдегі секілді Орталық Азия жастары да негізінен онлайн ресурстар мен әлеуметтік желідегі ақпаратқа сенеді. Бұл ретте дәстүрлі медиа ресурстары интернеттегі өшпенділік тілі мен жалған ақпаратқа балама бере алмай отыр. Нәтижесінде, қоғам манипуляцияға тап болады «, – делінген MediaNet хабарламасында.

Әсіресе, жастардың шалғайдағы ауылдық және қалалық жерлерде тұратын аз қамтылған осал санаттарын білім беру шараларына тарту қиынға соғады.

«Көбінесе мұндай жастар дәстүрлі білім беру бағдарламаларына қатыса алмайды немесе қатысқысы келмейді және әдеттегідей олармен онлайн жұмыс істеуге де ынталы болмайды. QLEVER ойын платформасы инновациялық және интерактивті ойындар арқылы мәселенің ықтимал шешімін ұсынады және жастарды мобильді бірліктерден смартфондарға дейінгі жүлделермен ынталандырады. Осылайша, біздің мақсатымыз – мыңдаған аз қамтылған жастарды жобаға қатыстырып, олардың өшпенділік тіліне, әсіресе, әлеуметтік желілердегі насихаттау мен жалған ақпаратқа қарсы табандылығын арттыру.

QLEVER қолданбасын тегін жүктеуге болады, онлайн түрде қолжетімді.

Платформаны үкіметтік емес ұйымдар тобы – IREX Europe ҮЕҰ (Франция), БАҚ-ты қолдау орталығы (Қырғызстан), MediaNet Халықаралық журналистика орталығы (Қазақстан), Заманауи журналистиканы дамыту орталығы (Өзбекстан) және «Гурдофарид» қоғамдық ұйымы (Тәжікстан) құрған және Еуропалық Одақ қаржыландырған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button