Біз оқыту әдістері мен бала білімін бағалау нормаларына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Қазір осы бағытта үлкен жұмыстар атқаралуда, деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
– Біз сабақ оқыту форматы бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын егжей-тегжейлі нұсқаулық дайындадық. Яғни, қашықтықтан оқыту жағдайында оқу процесінің принциптері мен технологиялары өзгереді. Осыған байланысты біз бағалау нормаларын, оқыту әдістері мен кері байланысты орнату бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді Аймағамбетов.
Ол оқушылардың ата-аналары мен оқушылардың өздері үшін әдістемелік қолдау көрсету маңызды екенін түсіндірді.
– 4-ші тоқсанның соңында біз бұған көзіміз жетті, сондықтан балалар үшін бірыңғай сынып сағаттарын өткізу жоспарлануда: үйде қалай оқу керек, кибермәдениет, гигиена негіздері, Интернет арқылы қалай үйренуге болады, тыныс алу жаттығулары мен физикалық жаттығулардың маңызы дегендей. Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізу жоспарланған, – деді Аймағамбетов.