TechБасты

Автокөлік өндірісіндегі әрбір төртінші жұмыскер – әйел

Биыл Қазақстанның автокөлік өндіру саласында отандық үлес артып, желіден 50 мың автокөлік шығарылады. Бұл туралы «АгромашХолдинг KZ» АҚ бірінші вице-президенті Динара Шүкіжанова отандық автомобиль индустриясының дамуы мен компанияның болашақтағы жоспарлары жөнінде берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Негізінде автокөлік өндірудің қызған ортасында ер азаматтардың жүретіні белгілі. Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

– «АгромашХолдинг» компаниясына 2011 жылы жұмысқа тұрдым. Маркетинг бөлімінде менеджер қызметін атқара жүріп, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін игеруге тура келді. Техника құрастырудың ерекшелігі көп қой. Ерлер ұжымында бастапқыда оңай болған жоқ. Алпауыт жұмыс цехтары, комбайн-тракторларды көрген соң кез келген нәзікжанның беті қайтып қалары анық. Бірақ жұмысқа деген жігерімнің, қажырлығымның арқасында берілгім келген жоқ. Осы 9 жылдың ішінде менеджерден компанияның вице-президентіне дейін көтерілдім. Компания әлеуеті артты. Өндіріс толығымен қалпына келді. Жаңа желілердің ашылуы, автомобиль өндірісінің іске қосылуы Қостанайдағы ғана емес, елдегі машина жасау саласына серпін берді. Мен де зауытпен қатар өстім. Қазір мен өндіріске жаңа жобаларды тартуға, инвестиция бағытына жетекшілік етемін. Тек өткен жылы ғана біз инвесторларды тартып, «Lovol» және «Кировец» маркалы тракторлар өндірісі бойынша жаңа желілерді іске қостық. Сонымен қатар қосымша автокомпоненттер бағытын дамытамыз. Мәселен, «КамАЗ» компаниясымен бірлескен бизнес-инкубатор жобасы жемісін беріп келеді.

– Осы жылы Қостанай зауыты көлік техникаларын нарыққа шығаруда алдыңғы қатардан көрінді. Бұған не себеп?

– «Агромашхолдинг KZ» және «СарыарқаАвтоПром» зауыттары отандық машина жасаудың көшбасшысы саналады. Мұны жоғарғы көрсеткіштері арқылы жыл сайын дәлелдеп жүр. 2019 жылы «Агромашхолдинг KZ» 20,5 млрд теңгеге 806 техника шығарды. Олардың арасында «Essil» астық жинайтын комбайндары, «Lovol» және «Кировец» тракторлары, дәнсепкіштер, дестелегіштер, жинаушы платформалары, ауыл шаруашылығы техникасы қосалқы бөлшектері мен жинақтауыштары бар екенін атап өту қажет. Зауыттың қуаттылығы 2018 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Бұған негізінен комбайн-тракторлар өндірісі көлемін арттыру себеп болды.

Автомобиль шығару саласы да қарқынды дамып келеді. «СарыарқаАвтоПром» Қазақстандағы барлық автокөлік құралдарының жартысын өндіреді. Өткен жылы кәсіпорын өнімдерін экспорттаған жалғыз автозауыт атанды. Автобустарды өндіру және елдің автобус паркін жаңарту бағдарламасы бойынша көшбасшы орынға ие. 2019 жылы автомобиль зауыты жалпы сомасы 186 609 млн теңгеге 25802 бірлік автокөлік құрастырды. Биыл өндірісті тағы екі есе 50000 бірлікке дейін арттыру жоспарланып отыр, оның 30%-ы экспортталады.

– Бәсекеге қабілетті болу үшін машина жасаудың жаңа әдістері мен инновациялары қажет. Осыған байланысты мемлекет қандай шаралар қабылдады? Сіздің ойыңызша, мемлекеттік ынталандырудың қандай тетіктері неғұрлым тиімді?

– Компаниямыз Қазақстанда теңдесі жоқ жоғары тиімді өндірістік құрылғыларға, роботталған жабдыққа ие. Біз үнемі түрлі инновациялық әдістерді енгіземіз, мысалы, өндірісті цифрландыру – соның бір бағыты. Өндірістік үдерістерді жүйелеу, электрондық құжат айналымын енгізу, қызметкерлерді заманауи әдістермен оқыту шеңберінде инновациялық бағдарламалар бар. Әрине, бұл тұрғыда мемлекеттен қолдау шаралары көп.

– Машина жасауды табысты етудің бір бағыты – жоғары білікті кадрлардың тапшылығын азайту. Бұған қандай алып-қосарыңыз бар?

– Қазіргі уақытта «СарыарқаАвтопром» және «Агромашхолдинг KZ» компаниясында 2 000-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Барлығы өзіміздің мамандар, біз шетелден адам шақырмаймыз. Компания басшылығы қызметкерлерін оқыту мен біліктілігін арттыруға Германияға, Ресей Федерациясына, Италияға, Қытайға жібереді. Дәл бүгін мамандарымыздың үлкен кәсіби тәжірибесі бар деп батыл айта аламын. Бұған қоса біз сапалы кадрларды өзіміз дайындаймыз. Зауытта Корпоративтік университет құрылды, ол бүкіл Қазақстан бойынша ірі техникалық оқу орындарымен белсенді әріптестік орнатқан. Дуалды оқыту аясында машина жасау саласы үшін мамандарды даярлау жүріп жатыр. Сондай-ақ «Еңбек» мелекеттік бағдарламасы арқылы жас мамандарды зауытқа шақырамыз. Олар біздің оқу орталығында біліп алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған.

– Динара ханым, мемлекет машина жасау өнеркәсібін дамыту үшін нақты қандай шаралар атқарып жатыр? Әлемдік нарыққа шығуға не ықпал ете алады?

– Мемлекет көлік шығаруды дамыту аясында қолдауын тоқтатпақ емес. Негізі біз ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы бағдарламаларды әзірлеуге қатысқымыз келеді. Автокөлік құрастыру саласын меңгергенімізбен, ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруді енді еңсеріп жатырмыз. Тиісінше, ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасына тікелей әсер ететіні белгілі. Ресей Федерациясының үлгісі бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына атсалысуға болар еді.

– Алда – төл мерекеңіз. Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмысты аруларымыз еңсере алатынын дәлелдеп келесіз. Ал қоғам бұған дайын ба?

– Әйел адам кез келген өндіріс саласында жұмыс істей алады. Табысты еңбек етудің мысалын біздің зауыттан-ақ көруге болады. 2011 жылы алғаш келгенде әйелдердің дені әкімшілік жұмыстарда, кадр бөлімінде жүретін. Қазір өндірістегі әрбір төртінші жұмыскер – әйел. Қиындығы мол жұмысқа қарамастан олар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.

– Әңгімеңізге рахмет! Мереке құтты болсын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button