EducationБасты

Елордада қай пәннің мұғалімдері жетіспейді

Нұр-Сұлтан білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова елордаға қандай мұғалімдер жетіспейтінін айтып берді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

«Оқу жылының соңында педагогикалық кадрларға деген қажеттілік – 842 адамды құрады. 706 зейнеткер ұстаз бен жаңа мектептердің ашылуын қосқанда, 2000-нан астам қызметкер жетіспейді. Қалада негізінен орыс тілінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері, сонымен қатар орыс тілі мен әдебиеті, математика, информатика, ағылшын тілі пәнінің ұстаздары жетіспейді. Одан бөлек, дефектолог, логопед секілді мамандар, балабақша тәрбиешілері тапшы болып отыр», – деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Facebook парақшасында өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысының айтуынша, білім беру ұйымдарын кадрмен қамтамасыз ету бойынша жол картасы жасалып, бекітілді. Оның аясында республикадағы ЖОО-лармен және колледждермен жұмыс жүргізіледі.

«Елордаға педагог тарту үшін университет түлектерімен онлайн-кездесу өткізу жұмысы жалғасуда. Елордалық мектеп басшылары, балабақша меңгерушілері онлайн еңбек жәрмеңкелеріне қатысты (Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті өткізген жәрмеңке – ред). Олар enbek.kz порталында үміткерлерді (соның ішінде аймақтарда жұмыс істейтін мұғалімдерді) қарастыруда. Бүгінгі таңда 300-ге жуық түйіндеме зерттеліп жатыр», – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button