Мерейтойлық өнер апталығы «Әміре әлемі» гала-концертімен аяқталды

Абай облысы әкімдігінің қолдауымен және Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 80 жылдық мерейтойына арналған өнер апталығы өз мәресіне жетті.
Абай атындағы театр сахнасында өткен «Әміре әлемі» атты салтанатты Гала-концерт апталықтың шешуші кезеңі болды. Бұл кеш филармония ұжымының кәсіби деңгейін, ұлттық музыка өнерінің асыл қазынасын және сегіз онжылдық шежіренің көркем сабақтастығын жарқын танытты. Оркестрлер, хор және жеке орындаушылардың қатысуымен өткен мазмұнды бағдарлама өнерсүйер қауымды ерекше әсер мен тебіреніске бөледі.
Кеш барысында филармония ұжымын Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай марапаттап, облыс әкімі Берік Уәлидің мерекелік құттықтауын жеткізді.
Өнер апталығы аясында өткен барлық іс-шаралар халықтың ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің мән-маңызын кеңінен насихаттады. Көрермен қауым филармония өнерінің дара қуатын тағы бір мәрте танып, кәсіби жетістіктеріне жоғары баға берді.



