PoliticsБасты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Иран Ислам Республикасын халықаралық деңгейде беделі зор мемлекет әрі еліміздің Орта Шығыстағы сенімді серіктесі ретінде атады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

– Бауырлас қос халықтың тарихы – тамырлас, салт-дәстүрі және мәдениеті – ұқсас. Қолымда бірқатар тарихи деректер бар. Мысалы, Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстан мен Иран даласы арқылы өткен. Ұлы Жібек жолы технологияның, діннің таралуына, сондай-ақ мәдени-рухани қатынастың тереңдеуіне ықпал етті. Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған. Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел өкілдері Мәскеуде кездесіп, Иран елшісі қазақ даласына сапармен келді деген тарихи мәліметтер бар екен. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген. Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіндегі Тайқазан Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризидің шеберханасында жасалған. Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз деп санайды. Олардың арасында: астана, пайда, көрпе, дәурен, дәрі, дәрумен, аула, ораза және тағы басқа сөздер бар. Бүгінде Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының Горган, Бандар-Түрікмен және Күмбед-Кавус қалаларында 5 мыңнан астам қазақтар тұрады. Фирдоусидың «Шахнамасы» мен оның кейіпкерлері Тұран халықтарына да жақын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Фирдоуси, Хафез, Саади сияқты парсы шайырларының шығармаларымен таныс болған. Иран делегациясы әкелген көне қолжазбалардың көшірмелері XVІІI ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне арналған. Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызықты деректер бар, Сізге көп рақмет, Президент мырза, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ халқы парсы жұртын ежелгі өркениеттің заңды мұрагері ретінде жақсы білетінін жеткізді.

– Елдеріңіз Таяу Шығыс пен Еуразияны жалғап тұр. Соңғы жылдары Иранның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті артып келеді. Бұл Сіздің және Иран басшылығының қажырлы еңбегі мен салиқалы саясатының нәтижесі деп білеміз. Қазақстан Иранның жетістіктеріне әрдайым қуанады, болашағының жарқын болуын тілейді. Халықтарымыздың ынтымағын бекемдей түсу және табыстарын еселеу – біздің ортақ мақсатымыз. Қазіргідей алмағайып заманда күш біріктірудің маңызы зор екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударып, осы сапардың нәтижесінде өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

– Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда нәтижелі келіссөздер өткіздік. Өзара ықпалдастыққа тың серпін беретін басым бағыттарды талқыладық. Қос тарап маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойды. Иран – Қазақстанның сауда-экономика саласындағы өте маңызды серіктесі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Өткен 10 айдағы сауда-саттық көлемі былтырмен салыстырғанда 40 пайызға артты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Инвестиция – ұзақ мерзімге арналған серіктестік кепілі. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Қазақстанның іскерлік қауымдастығы да Иран экономикасына инвестиция салуда. Кәсіпкерлеріміз тау-кен, көлік-логистика, азық-түлік өндірісіне қатысты түрлі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біз сенімді серіктес ретінде шетелдік инвесторларды қолдауға, оларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз. Осы ретте Иран компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасында көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мол мүмкіндік бар.

– Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін және Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытын дамытудың мән-маңызы ерекше. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін маңызды жоба. Қазақстан теміржолдарды жаңғырту, көлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы өтетін кеме қатынасын жандандыру жұмысын қолға алды. Иран инвесторларын осы бастамаларға атсалысуға шақырдық. Қызығушылық білдірген жеке сектор өкілдеріне арнайы ұсыныстар дайындап, қолайлы жағдай жасауға әзірміз. Біз Иранды Оңтүстік Шығыс Азияға және Африка құрлығына шығатын «қақпа» ретінде қарастырамыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Иран басшылығына Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін бергені үшін шынайы ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам екі ел ықпалдастығын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өңіраралық байланыстар өзара ынтымақтастығымызға тың серпін беруге тиіс деп санайды.

– Қазір Қазақстанның бірқатар облысы мен Иранның провинциялары арасында серіктестік қатынас орнаған. Біз Иран кәсіпкерлерінің Маңғыстау облысы аумағында бірлескен еркін экономикалық аймақ құру туралы ұсынысын құптаймыз. Бұл қадам Қазақстанда Иран шикізатынан дайын өнім жасауға, оны аймақ елдеріне таратуға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын ынтымақтастықтың маңызды саласының бірі ретінде атап өтті.

– Қазақстан Иран нарығына астық және басқа да дәнді-дақыл тасымалдайды. Мысалы, былтыр 500 мыңнан астам тонна арпа жеткіздік. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Осы мәселені Масуд Пезешкиан мырзамен жан-жақты талқыладық. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыруға және өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса мән беріп отыр. Бұл ретте су ресурстарын тиімді пайдалану, осы салаға жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы жерлерін басқарудың заманауи әдістерін қолдану үшін өзара тәжірибе алмасуға келістік, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар келіссөздер барысында ақпараттық технологияларды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, заман талабына сай ІТ шешімдер қабылдау және ғылыми ізденісті тереңдету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыс қашанда екі ел қарым-қатынасының алтын көпірі саналатынына тоқталды.

– Жоғары мәртебелі Масуд Пезешкиан бастаған құрметті қонақтарымыз Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты бірқатар көне қолжазбаның көшірмесін әкелген екен. Онда XVІІI ғасырдағы ұлт шежіресі мен мәдениеті туралы құнды деректер бар. Бұл құжаттар ғалымдарымызға сол кезеңдегі Қазақ хандығының халықаралық қатынастарын терең зерттеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы ретте мен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министріне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырдым. Сондай-ақ біз Иран тарапымен бірлесе отырып, қазақ жерінде ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті.

Келіссөздер барысында білім және ғылым саласындағы ықпалдастықты күшейту жолдары да талқыланған. Бұл орайда екі елдің медицина қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру және жетістіктерімен бөлісу мәселелерін ойластырмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Масуд Пезешкианмен халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.

– Қарулы қақтығыстардың, санкциялық қысымдар мен сауда соғыстарының ушыға түскеніне алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық ұйымдардың беделі төмендеп кеткеніне қатысты ой бөлістік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін ілгерілету және әділдік қағидаттарына берік болу туралы ортақ ұстанымға келдік. Біз барлық текетірестер мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын алдағы уақытта да жалғастыра береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Иранның кеңейтілген серіктестігін нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Бұл орайда тараптар өзара достық пен бауырластыққа негізделген байланыстарды бекемдей береді.

Иран Президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

– Иран Орталық Азия өңірімен тату көршілік қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктесіміз әрі Каспий теңізі арқылы шектесетін көршіміз. Жоғары мәртебелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Біз көптеген бағыттағы, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өндіріс, тау-кен, көлік-логистика, ғылым, мәдениет, жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды талқыладық. Келіссөздердің нәтижесін таяу келешекте көреміз деп ойлаймын. Халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ, – деді Масуд Пезешкиан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button