Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 39 шетелдік елден шығарылды

Атырау облысында 13–17 қазан аралығында республикалық деңгейде «Заңсыз келуші–2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алу және жолын кесу, деп хабарлайды ҚР Iшкi iстер министрлігі.
«Іс-шараның алғашқы үш күні ішінде 364 құқық бұзушылық анықталды. Анықталған заңбұзушылықтардың ішінде: Қазақстан Республикасынан кету мерзімін өткізіп алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар – 110 дерек; Елден он тәуліктен астам уақыт бойы кетуден жалтарғандар – 133 дерек; Визада көрсетілген мақсаттарға сай келмейтін еңбек қызметін атқарған, не еңбек етуге рұқсатсыз жұмыс істеген шетел азаматтары – 116 дерек; Шетелдіктерді қабылдайтын жеке және заңды тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзуы – 106 дерек; Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілері – 14 дерек.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 39 шетел азаматы елден шығарылды, ал ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша бір тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Полиция департаментінің мәліметінше, «Заңсыз келуші – 2025» іс-шарасы заңсыз көші-қон арналарының жолын кесуге, шетел азаматтарының ел аумағында болуын бақылауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.