Social

Абай облысының әкімі «Abai IT-Valley» технологиялық кластерінің жұмысымен танысты

«Abai IT-Valley» технологиялық кластері Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 100 000 жоғары білікті IT-мамандарды даярлау тапсырмасын іске асыру мақсатында 2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Astana Hub» және ҚР Ұлттық Банкінің қолдауымен «Alikhan Bokeikhan University» университеті базасында құрылды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Үш жылда 100-ден астам түлек Python Pro, Java Developer, веб-даму, 3D модельдеу және AI-Builder Lab бағыттары бойынша оқуды аяқтады. Барлық оқу бағдарламалары Tech Orda жобасы аясында сертификатталған. Сабақтарды Huawei Talent, Microsoft және Astana Hub компанияларының мамандары жүргізеді.

Huawei Talent жобасы аясында студенттер Huawei компаниясының заманауи технологияларын, соның ішінде жасанды интеллект, сымсыз байланыс жүйелері және 5G технологиясы бағыттарын меңгерді. Сонымен қатар, AI-SANA жобасы шеңберінде 7500-ден астам студент Search және AI бағыттары бойынша оқудан өтті. Мұнда мектеп оқушылары да аптасына үш рет келіп, қосымша білім алады.

Бұл – өңірдегі алғашқы IT-кластер. Оның негізгі мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру. Кластер резиденттері әзірлеген жобалардың қатарында виртуалды 3D зертханасы, ұсақ моториканы дамытуға арналған балабақша ойыншықтарының 3D модельдері, NFT – кроссовкалар және агромайнинг бар.

Студенттер аймақ басшысына құрылыс, білім, денсаулық сияқты түрлі салалар бойынша әзірлеген «Jurek-AI», «One Med», «Jidek», «I-Track» секілді 20-ға жуық стартап жобалар мен мобильді қосымшаларды таныстырды. Мәселен, OneMed – пациенттің шағымына сәйкес дәрігер мен клиниканы іріктеп беретін жасанды интеллект-ассистенті бар медициналық қызметтерге арналған цифрлық жазылым. Jidek.kz – жұмыс берушілер, оқу орындары мен жұмыс іздеушілер арасындағы өзара әрекетті қолдау үшін құрылған қалалық цифрлық еңбек платформасы.

Облыс әкіміне Oner 3D аддитивті технологиялар орталығының жұмысы да таныстырылды. Бұл – Абай облысындағы техникалық және декоративтік мақсаттағы пластикалық бұйымдарды өндіруге маманданған жалғыз кәсіби 3D-баспа орталығы. Орталықтың заманауи жабдықтар паркі 3D-баспа мен 3D-сканерлеу саласындағы озық шешімдерді қамтиды, бұл жобаларды идея мен жобалаудан бастап, прототиптер мен дайын өнімге дейін толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы «Ro-Alemi» орталығында білім алып жүрген Семей қаласының мектептерінің оқушыларының құрама командасымен кездесіп, жобаларын көрді. Команда мүшелері Сингапур қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысып, гран-при иеленіп, рекорд орнатты.

Облыс әкімі «Abai IT-Valley» технологиялық кластерінің жұмысын жоғары бағалап, облыстық цифрлық технологиялар басқармасына осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллект мәселесіне ерекше назар аударды. Сондықтан сіздердің осы бағытта жүйелі жұмыс істеп, облысымыздың әр саласына қажетті стартап жобаларды жүзеге асырып жатқандарыңыз қуантады. Талантты жастарды әрдайым қолдаймыз. Бүгін өте қызықты, ерекше жобалар таныстырылды. Облыс әкімдігі тарапынан жан жақты қолдау көрсетіледі», – деді аймақ басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button