Абай облысында мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

Бүгін Абай облысы мәслихатының кезекті 30-ыншы сессиясы өтті. Отырысқа облыс әкімі Берік Уәли, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты
Сессия барысында облыстың 2025 жылғы жылу маусымына дайындығы, Семей қаласындағы жолаушылар тасымалы, облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, ортақ су пайдалану қағидаларын бекіту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов баяндады. Оның айтуынша, облыстағы барлық жылу көздері іске қосылып, абоненттерді жылумен жабдықтауға кезең-кезеңімен қосу басталды. Жылумен ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандар: мектептер, ауруханалар, балабақшалар қамтамасыз етіледі.
Сессия барысында депутаттар тарапынан бірқатар депутаттық сауалдар жолданды. Жиын соңында сөз алған аймақ басшысы депутаттарға қаралған мәселелерді қолдап, белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіріп, өңірдің өзекті проблемалары кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
«Бүгінгі Абай облысы мәслихатының кезекті сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Бюджетке енгізілген түзетулер, жылу беру маусымына дайындық барысы, облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы – барлығы да халықтың өмір сапасын жақсартуға, күнделікті тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған өзекті мәселелер. Бұл шешімдердің тиімді жүзеге асуы – біздің өзара үйлесімді жұмысымызға тікелей байланысты. Сіздердің тараптарыңыздан әрдайым қолдауды сезініп, көріп келе жатырмыз. Мәслихат пен облыс әкімдігі әрқашан бірлесіп әрекет етіп, шешімдер қабылдаған жағдайда ғана алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіземіз. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бірлесіп атсалысамыз. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Оны жүзеге асыру үшін халықпен бірлесе отырып, мәслихат депутаттарымен өзара тиімді жұмыс жүргізуге қашанда дайынбыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, облыста жасалып жатқан жұмыс өте ауқымды. Президенттің, Үкіметтің көрсетіп жатқан қолдауын дұрыс, тиімді пайдаланып, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына күш саламыз. Сіздерге бүгінгі сессиядағы жемісті жұмыс үшін алғыс айтамын», – деді облыс әкімі.