Павлодарда қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді

Павлодар облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қала аумағында алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті
Тергеу мәліметінше, 1 маусымнан 10 шілдеге дейін күдіктілер Тik-Тok әлеуметтік желісінде жалған жарнамалар жариялап келген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топтың ұйымдастырушылары анықталды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
«Олар – Павлодар қаласының 17 және 19 жастағы үш тұрғыны. Жастар әлеуметтік желі арқылы ұялы телефондарды сату жөнінде хат алмасулар жүргізіп, алданған азаматтардың қаражатын дропперлердің есепшоттарына аудартып отырған», – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда олардың әрекетінен еліміздің әр өңірінде тұратын 18 жәбірленушіге залал келгені белгілі болды. Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олар бұлтартпау шарасы ретінде келу міндеттемесін алды.