Қазақстанға әкелу барысында 1000-нан астам қауіпті электр плитасы анықталды

Техникалық реттеу және метрология комитеті Абай облысы бойынша департаменті Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде тұтынушылар үшін қауіп төндіретін тұрмыстық техникалар анықталып, Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылды
Бақылау барысында үстел үстіне арналған электр плитасына ұсынылған сәйкестік декларациялары бойынша өнімді әкелу кезінде бұзушылықтар анықталды, деп мәлімдейді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
«Зертханалық сынақтардан кейін аталмыш электр плитасының номиналды қуаты 3500 Вт деп көрсетілгенімен, нақты қуаты небәрі 1960 Вт болғаны анықталды, бұл нормадан шамамен 44% төмен. Сонымен қатар, айнымалы ток қуат порттарының параметрлері бойынша сәйкессіздіктер тіркелді. Тұтынушылар үшін мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы да тағы бір бұзушылық ретінде белгіленді», – делінген хабарламада.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, мұндай ауытқулар Кеден одағының техникалық регламенті – ТР ТС 004/2011 «Төмен вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» талаптарын бұзып қана қоймай, тұтынушылардың құқықтарын бұзып, нақты қауіп төндіреді. Құрылғының тұрақсыз жұмысы ішкі элементтердің қызып кетуіне, істен шығуына және тіпті өртке әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе құрылғыны максималды жүктемеде ұзақ уақыт пайдаланған кезде аса қауіпті.
Нәтижесінде сәйкестік бағалау құжаттарына шаралар қабылданып, сәйкестік декларациясының күші тоқтатылды. Сәйкестікті растау органына және жоғарыда аталған сәйкестік құжаттарын берген жеткізушіге тиісті хабарламалар жіберілді. Импорттаушы сапасыз электр плиталарын (1002 дана) өндірушіге қайтарды, осылайша олардың Қазақстан Республикасы аумағында таралуына жол берілмеді.