
Таяудағы үш жылға арналған республикалық және жергілікті бюджеттер арасында қаражат бөлу қағидаттары Үкімет отырысында қаралды
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа бюджет кодексінің тәсілдерін ескере отырып әзірленген «2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Оның айтуынша, 2026 жылға арналған жергілікті бюджеттер кірістерінің болжамы 2028 жылы 13,3 трлн теңгеге дейін өсумен 10,7 трлн теңге көлемінде айқындалған, жергілікті бюджеттердің шығыстары 2026 жылы 14,9 трлн теңге деңгейінде болжанып, 2028 жылға қарай 18,7 трлн теңгеге жетеді.
Кірістер мен шығыстардың болжамын ескере отырып, бюджетаралық трансферттердің көлемі айқындалды. Республикалық бюджеттен өңірлерге жіберілетін субвенциялар көлемі 2026 жылы 5,1 трлн теңгені құрайды. Донор өңірлерден республикалық бюджетке қаражат алу көлемі 879,9 млрд теңге деңгейінде айқындалды.
Болжамды есептеулер негізінде 2028 жылы Павлодар облысы қаржылық жағынан өзін-өзі қамтамасыз етеді және субвенция алушылар санатынан шығады деп күтілуде.