Social

Қазақстан арқылы өткізбек болған 42,2 тонна тауық еті Қытайға кері қайтарылды

Жетісу облысы Панфилов ауданындағы «Нұр-Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған, терісі мен сүйегі алынған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеулерді бұза отырып тасымалданған. Бұл шектеулер тірі құсқа, инкубациялық жұмыртқаларға, мамық пен қауырсынға, кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерге, құсқа арналған жем мен жемдік қоспаларға (микробиологиялық және химиялық жолмен алынған қоспалардан басқа), сондай-ақ пайдаланылған құс ұстауға, союға және өңдеуге арналған жабдықтарға қатысты», – делінген хабарламада.

Құқық бұзушы — жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Өнімнің толық партиясы шыққан еліне — Қытай Халық Республикасына кері қайтарылды.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар мен шектеулерді қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button