Agro

ШҚО-да 52,8 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік жер қорына қайтару жоспары артығымен орындалды. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлікте атап өткендей, жоспар бойынша 51,57 мың гектар жер қайтарылуы тиіс болса, нақтысында 52,8 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне өтті. Бұл – жоспардың 102,4 пайызға орындалғанын көрсетеді.

«Жалпы, 2025 жылға өңір үшін 120 мың гектар жерді қайтару бойынша нысаналы көрсеткіш белгіленген. Бұл жұмыс жер ресурстарын тиімді пайдалану және пайдаланылмай жатқан немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемін азайтуға бағытталған мемлекеттік саясат аясында жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Жерлерді қайтару жөніндегі жұмысты Шығыс Қазақстан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан аудандық әкімдіктермен және уәкілетті органдармен бірлесіп үйлестіреді.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы, бірақ тиісті мақсатта пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтау, сараптау және оларды мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Мониторинг барысында цифрлық технологиялар мен қашықтықтан зондтау деректері кеңінен қолданылып, бұл қабылданатын шешімдердің тиімділігі мен жеделдігін арттыруға септігін тигізуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button