Әскерге шақыру мен еңбек қауіпсіздігі: Абай облысында қандай мәселелер көтерілді?

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайы, интернет алаяқтықтың алдын алу шаралары, 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты, деп мәлімдейді Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов Мемлекет басшысының киберқауіпсіздікті күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыста атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Биылғы алты айда өңірде 814 алаяқтық фактісі тіркелсе, соның 485-і интернет алаяқтыққа қатысты болған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп.
Биыл облыста 1100-ден астам фишингтік сайт бұғатталып, 15 адам жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 425 дроппердің орналасқан жері анықталған. Алаяқтардың негізгі құрбандары – 40-50 жас аралығындағы әйелдер, жұмыссыз азаматтар, кәсіпкерлер, педагогтер, медицина қызметкерлері мен зейнеткерлер.
Қылмыстық істер аясында биыл заңсыз рәсімделген 276 несие тоқтатылып, дропперлерден 98,6 млн теңге қайтарылған. Жиында «IRIS», «Argus» сияқты бағдарламалық кешендерінің тиімділігі атап өтіліп, қосымша жүйелерді сатып алу қажеттігі көтерілді.
Аймақ басшысы Полиция департаментіне күмәнді инвестициялық компаниялардың тізімін жасап, оны бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде таратуды қамтамасыз етуді, құзырлы органдармен бірлесіп қаржылық пирамидалардан және күмәнді инвестиция салымдарынан зардап шеккен азаматтардың мәселесін шешу алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
«Алаяқтық – қазіргі қоғамның дерті. Біздің басты мақсат – қарапайым халыққа қоғамда орын алып жатқан алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері туралы күнделікті, ұдайы ескерту» деді облыс әкімі.
Еңбек қауіпсіздігі бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департамент басшысы Ерлан Ниятқабылов баяндады. Биылғы 6 айда облыста 22 адам өндірістік жарақат алған. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 64 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 431 заң бұзушылықты анықтаған.
Облыс әкімі жиында жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрбір жұмыс берушінің бірінші кезектегі міндеті екенін айтып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Тиісті басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне еңбек инспекциясымен бірлесіп бюджет есебінен құрылыс, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарда еңбек қауіпсіздігінің сақталуына мониторинг жүргізіп, нәтижесін баяндауды, облыстағы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, қаладағы жолаушылар тасымалдаушы кәсіпорындарда қоғамдық көлік жүргізушілерінің күнделікті бағытқа шығатын кезде міндетті медициналық тексеруден өтуін қатаң бақылауды тапсырды.
2025 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының қорытындылары туралы жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков және Абай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Руслан Омаров баяндады. Абай облысында белгіленген жоспар 93,2 пайызға орындалған.
Жиында қала-аудан әкімдеріне әскерге шақыру жоспарын орындау бағытындағы жұмысты жандандырып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізу қажеттігі айтылды. Облыс әкімі берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауға алатынын ескертті.