Қоғамдық және жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша заңнамаға қандай өзгерістер енгізілді

Биыл Қазақстанда қоғамдық және жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша заңнамалық актілерге бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің бастығы Бауыржан Тоқжұманов қабылданған өзгерістерге жан-жақты түсініктеме берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Заңнамаға енгізілген түзетулердің мақсаты – заманауи қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерді ескере отырып, қазақстандық заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Жол қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін ескере отырып, биыл 13 наурыздан бастап жаңа әкімшілік құқықбұзушылық құрамдары енгізілді.
Атап айтқанда, мынадай әрекеттер үшін жауапкершілік белгіленді:
- Көлік қозғалысы кезінде жолаушының көліктің терезесінен басын немесе денесін шығаруы (ҚР ӘҚБтК 615-бап, 5-бөлім) және жүргізушінің сол әрекеті (ҚР ӘҚБтК 593-бап, 1-1-бөлім) – екі жағдайда да 10 АЕК мөлшерінде айыппұл;
- Қарсы қозғалыс жолағына шығу (ҚР ӘҚБтК 596-бап, 3-1-бөлім) – 30 АЕК айыппұл (автокөлік жүргізу құқығынан айырылмайтын тұлғалар үшін, мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда);
- Қарсы жолаққа шығып, жол-көлік оқиғасына себепкер болу (ҚР ӘҚБтК 596-бап, 4-1-бөлім) – 9 айға жүргізу куәлігінен айыру;
- Теміржол өткелінен өту ережелерін бұзып, жол апатына себепкер болу (ҚР ӘҚБтК 607-бап, 3-бөлім) – 9 айға жүргізу құқығынан айыру;
- Теміржол жолақтарынан рұқсат етілмеген жер арқылы қайта-қайта өту (ҚР ӘҚБтК 559-бап, 5-1-бөлім) – 5 АЕК айыппұл;
- Жүргізуші тарапынан қайталанған жол ережесі бұзушылығы салдарынан материалдық шығынмен аяқталған ЖКО (ҚР ӘҚБтК 610-бап, 2-бөлім) – 40 АЕК айыппұл немесе 9 айға жүргізу құқығынан айыру;
- Теміржол жолағында мал бағу (ҚР ӘҚБтК 559-бап, 1-бөлім) – «ескерту» алынып тасталды, 5 АЕК айыппұл сақталды;
- Шекті рұқсат етілген ластау көрсеткіштерінен асып кететін көліктерді қолдану (ҚР ӘҚБтК 334-бап, 1-бөлім) – «ескерту» алынып тасталды, 10 АЕК айыппұл қалды.
Есірткі тұтыну қатері артып отырғанын ескере отырып:
- Медициналық емес мақсатта есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын немесе күшті әсер ететін заттарды тұтыну үшін ҚР ӘҚБтК-ге жаңа 440-1-бап енгізілді – 40 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамау, қайталаған жағдайда – 80 АЕК немесе 20 тәулікке дейін қамау.
Бұл бап қоғамдық орыннан тыс жерде есірткі қолдану жағдайларын қамтиды. Ал қоғамдық орындарда есірткі тұтыну ҚР ҚК 296-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке жатады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды (мысалы, азот тотығы) тұтыну үшін де жауапкершілік енгізіледі.
Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметіне араласу үшін қатаңдатылған жауапкершілік енгізілді. Егер бұл әрекет бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар арқылы жасалса, ҚР ӘҚБтК 667-бабы бойынша 30 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамау көзделген.
Жауапкершілік күшейтілген басқа жағдайлар:
- Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру (ҚР ӘҚБтК 438-бап): алғаш рет – 60 АЕК, қайталаған жағдайда – 120 АЕК;
- Кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылықтар үшін ата-аналарға берілетін «ескерту» алынып тасталды, айыппұл мөлшері 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін артты;
- Арнайы көліктерге жол бермеу (ҚР ӘҚБтК 598-бап): алғаш рет – 20 АЕК, қайталағанда – 40 АЕК;
- Жасыл екпелерге зиян келтіру (ҚР ӘҚБтК 386-бап) бойынша ескерту алынып тасталды, тек 30 АЕК айыппұл қалды.
Қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін кейбір құқықбұзушылықтар бойынша жауапкершілік жеңілдетілді:
- Ақылы автотұрақ үшін уақытылы төлем жасамау (ҚР ӘҚБтК 597-бап): айыппұл мөлшері 3 АЕК-тен 1 АЕК-ке, қайталанса – 5 АЕК-тен 2 АЕК-ке төмендетілді;
- Материалдық шығынмен аяқталған ЖКО үшін жүргізушінің кінәсі (ҚР ӘҚБтК 610-бап, 1-бөлім): 6 айға жүргізу құқығынан айыру алынып тасталды, тек 20 АЕК айыппұл сақталды.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа жаза түрі – қоғамдық жұмыстар және оны орындаудан жалтарғаны үшін жауапкершілік (ҚР ӘҚБтК 669-бап) енгізіледі.
Қоғамдық жұмыстар ӘҚБтК-нің 11 бабына енгізіледі, соның ішінде:
- 73-бап – Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер;
- 434-бап – Ұсақ бұзақылық;
- 434-2-бап – Қоғамдық орындарды ластау;
- 438-баптың 2-бөлігі – Арнайы қызметтерді қайталап жалған шақыру;
- 440-баптың 3-бөлігі – Қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйінде болу (қайталау);
- 443-баптың 2-бөлігі – Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етушіге бағынбау (қайталау);
- 449-баптың 2-бөлігі – Қоғамдық орындарда тиісу (қайталау);
- 598-баптың 2-бөлігі – Арнайы көліктерге жол бермеу (қайталау);
- 615-баптың 4-бөлігі – Жаяу жүргіншілер тарапынан жол жүру ережелерін бұзу (қайталау);
- 653-бап – Сотқа құрметсіздік таныту;
- 669-бап – Сот шешімдерін немесе атқару құжатын орындамау.