Social

Астанада «Ертегі – ел ертеңі» байқауының жүлдегерлері марапатталды

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ертегі – ел ертеңі» сайысы қорытындыланды.

Балалар әдебиетінің, соның ішінде ертегі жанрының дамуына үлес қосу мақсатында бастау алған байқаудың алғашқы – іріктеу кезеңі қала тұрғындары арасында өткен болатын. Сайысқа қатысуға ниет білдіргендер қатары қалың. Келіп түскен өтінімдер саны 50-ден асты. Арнайы комиссияның шешімімен үздіктердің үздігі ақтық мәреге жолдама алды.

Естеріңізге сала кетсек, «Ертегі – ел ертеңі» сайысы екі бағытты қамтыды. Бірінші бағыт – Ертегі жазу сайысында шығарманың мазмұнына, тіл байлығына, сюжеттің тартымдылығына, көркемділігі және т.б. мән берілді. Ертегі тақырыбы еркін түрде таңдалды. Ал Ертегі оқу сайысында актерлік шеберлік, тілі тазалығы, мәтінді оқу ерекшелігіне баса назар аударылды.

Оқушылар сарайында өткен салтанатты кештің шымылдығын «Жастар» театрының әртістері ертегі қойылымымен ашты. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерілері – елімізге белгілі сазгер, әнші – Медет Салықов және дәстүрлі әнші – Клара Төленбаева, республикалық байқаулардың лауреаты, «Жас қанат» конкурсының жеңімпазы Әсем Омарова мен кішкентай өнерпаз әрі тележүргізуші Жанкерім Абзалбек аталмыш кеште өнер көрсетті.

Байқаудың әр бағыт бойынша қорытынды кезеңге шақырылған ертегі авторлары мен оқу шеберлері өз шығармашылығын қалың көпшіліктің алдында паш етті. Ертегі жазу сайысында үздік танылған 9 көркем шығарманы мәнерлеп оқу сайысының қатысушылары таныстырды.

Қорытынды кезеңде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, актер – Болат Ұзақов, жазушы, баспагер-ғалым, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері – Райхан Мәженқызы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Дәулеткерей Кәпұлы қазылық етті.

Сайыстың тағы бір ерекшелігі – жас ерекшелігіне шектеу болған жоқ. Сондықтан қатысушылардың арасында кәсіби мамандармен қатар мектеп оқушылары да болды.

Әділ қазылар шешімімен жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар анықталды.

Ертегі жазу сайысы бойынша:

Бас жүлде – Азамат Серікұлы, С. Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері

І орын – Мерей Қарт, ақын

ІІ орын – Балауса Төлеуғалиқызы, №84 балабақша меңгерушісі

ІІІ орын – Ерназар Дәуренұлы, 9 сынып оқушысы

Ертегі оқу сайысында:

Бас жүлде – Әмина Серікқызы, 1 сынып оқушысы

І орын – Сая Тоқманғалиева, Қаллеки театрының әртісі

ІІ орын – Ажар Ерболған, ақын, журналист

ІІІ орын – Айзада Жанатқызы

Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Балалар әдебиетінің дамуына үлес қосу және бала тәрбиесінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында өткен шараның ұйымдастырушысы – Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button