ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. Жалпы, 2020-2021 жылдардың жылыту кезеңі штаттық режимде өтті.
121 технологиялық заңбұзушылық анықталды. Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамаған 44 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға аз.
Алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында елімізде 8 энергоблокты, 48 қазандықты, 49 турбинаны, 20458 км электр беру желісін, 441 жоғары вольтты қосалқы станцияны жөндеу, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмірдің болуын қамтамасыз ету жоспарлануда.
Үкімет басшысы өңірлер әкімдіктеріне алдағы жылыту маусымына сапалы дайындалуды – 1 маусымға дейін ТКШ, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді, 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді, 15 қазанға дейін солтүстік және шығыс өңірлердегі ауа-райын ескере отырып, барлық инженерлік инфрақұрылымның, ТКШ, тұрғын үй және денсаулық сақтау саласы объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.