
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде энергетика саласын дамыту шаралары жүзеге асырылып келеді. Аталған тапсырманы орындау аясында 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезең аяқталды, сондай-ақ инфрақұрылымды ауқымды жаңартуға және «жасыл» энергетиканы дамытуға дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Күзгі-қысқы маусымның жылумен қамтуда іркілістерсіз өтуі Үкімет қабылдаған шаралар тиімділігін көрсетті. Ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді: 10 энергия блогына, 55 қазандыққа және 45 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл ЖЭО мен жылу желілеріндегі жоғары тозуды азайту үдерісін бастауға мүмкіндік берді.
Қабылданған шаралар электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар санын 27%-ға (1070-тен 782-ке дейін), ал температуралық кестені сақтамау жағдайларын 67%-ға (215-тен 65-ке дейін) төмендетуге мүмкіндік берді.
Маңызды жетістік ретінде 12 ЖЭО жағдайының жақсаруын атап өтуге болады: оның 9-ы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал 3-уі «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті. Нәтижесінде, «қызыл» аймақта 10 ЖЭО (бұрын 19), «сары» аймақта 17 ЖЭО (бұрын 11), «жасыл» аймақта 10 ЖЭО (бұрын 7) қалды. Көрсеткіштерін жақсартқандар қатарында Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Атырау, Риддер, Кентау және басқа да стансалар бар. Айрықша назар «МАЭК» ЖШС, Ақтау жылу желілеріне және Степногорск, Теміртау ЖЭО жұмысына аударылды.
2024 жылы Екібастұз 1-ГРЭС-ті қалпына келтірген блогын (500 МВт), Атырау ЖЭО жаңа турбинасын (65 МВт) және Жезқазғандағы (+43 МВт) жаңартылған қазандықты қоса алғанда, 771 МВт жаңа қуат енгізілді. Сондай-ақ жалпы қуаты 163,35 Мвт болатын жаңартылатын энергия көздері бойынша жобалар іске қосылды.
Энергетика министрлігі электр энергиясы үшін шекті тарифтерді қайта қарады, электр қуаты нарығындағы шекті тариф арттырылды, қайтарылатын инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылды. 2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды былтырғы деңгеймен салыстырғанда 44%-ға ұлғайтып, 327 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Аталған жұмыстар аясында 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбинаны жөндеу жұмыстары жоспарланған, кейбір жұмыстар қазірдің өзінде жүріп жатыр. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 66 жылу орталығында 53 қазандықты жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жоспарланған.
Күн жылынған соң 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу құбырын жаңарту жұмыстары басталады.
Ұлттық энергетиканы жаңғырту ұлттық жобасы аясында жалпы бюджеті 4 трлн теңге болатын 77,5 мың шақырым электр желілері мен 1,6 мың шақырым жылу желілері жаңартылады. 2029 жылға дейін бұл электр желілерінің тозуын 45%-ға, жылу желілерінің тозуын 42%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Генерация саласында 7,3 ГВт жаңа қуат енгізу, оның ішінде қолданыстағы стансаларды жаңарту және жаңа стансалар салу жоспарлануда. 2029 жылға дейін 29 жобаны аяқтау жоспарланған, бұл электр стансаларының орташа тозуын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту да басым бағыт болып қала береді: 2024 жылы 153 нысан 7,58 млрд кВт·сағ немесе жалпы өндірістің 6,43%-ы өндірді. 8 жаңа станса (163,35 МВт) іске қосылды, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 9 ЖЭК жобасы (455,5 МВт) іске қосылады. Қазірдің өзінде биылғы жылдың ақпан айында Қарағанды облысында «Гиперборея» ЖШС-мен қуаты 50 МВт жел электр стансасы іске қосылды.