Politics

Ынталандыру шаралары кәсіпорындарға өндірісті одан әрі дамытуға көмектеседі

Мемлекеттік ынталандыру шаралары отандық кәсіпорындарға жұмыстарын жүйелі түрде жоспарлап, өндірісті одан әрі дамытуға көмектеседі. Мысалы, Петропавлдағы «TT-Engineering» компаниясы технологиялық жабдықты алуға жұмсалған шығындарын өтеп, нәтижесінде өндірісін жаңартып, көрсеткіштерін жақсартып, бәсекеге қабілеттілігін арттырды.

Зауыт жер жыртуға арналған соқа мен тырма сияқты 40-тан астам ауыл шаруашылығы құралын шығарады. Компания жыл сайын жаңа техникалар жасап, қолданыстағы құрал-жабдықтарын жаңғыртып отырады, деп мәлімдейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігің баспасөз қызметі.

«Өнім сапасын жақсарту мен өнім түрлерін кеңейту мақсатында зауыт басшылығы өндіріске жаңа жабдықтар сатып алуға инвестиция құйды. Атап айтқанда, кәсіпорынға дәнекерлеу, оптикалық – талшықты құрылғылар мен таспалы ара станогы сатып алынды. Бұл металл өңдеу үдерісін жылдамдатып, өнімнің беріктігін арттыруға және өндірістік қуатты күшейтуге мүмкіндік берді.

Компания технологиялық жабдықты сатып алу бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу үшін QazIndustry орталығына жүгінді. Бұл қолдау түрі өткен жылдың мамыр айында іске қосылған болатын. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы T-Engineering компаниясына 12,6 млн теңгені өтеді» – делінген хабарламада.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл қаражат технологияларды одан әрі жетілдіруге және өнім түрлерін кеңейтуге бағытталатын болады.

«QazIndustry» АҚ тарапынан көрсетілетін ынталандыру шаралары кәсіпорындар үшін «табысқа жетудің кілтіне» айналуда. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының қолдауы өнімділік пен өнім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар озық технологияларды енгізуге де септігін тигізеді. Бұл кәсіпорындарға жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді.

2024 жылы QazIndustry еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған кәсіпорындардың шығындарын өтеу аясында 1,2 миллиард теңге көлемінде өтінімдерді мақұлдады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button