Politics

Бас штаб бастығы еліміздің шығысындағы әскери бөлімдер мен мекемелерді тексерді

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Сапар барысында Абай облысының әкімі Берік Уәлимен және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті. Министрдің бірінші орынбасары атқарушы органдардың басшыларымен  өңірлердің қорғаныс әлеуетін нығайту, аумақтық қорғаныс құрамаларын жарақтандыру және әскери дайындалған резервті дайындау мәселелерін талқылады.

Абай гарнизонында Бас штаб бастығы 54835 әскери бөлімінің авиациялық техника тұрақтарының техникалық жағдайын зерделеді. Аумақтық қорғаныс құрамасының күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан ғимараттарының құрылыс сапасы мен орындау мерзімдеріне назар аударды.  Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери госпитальдегі жөндеу жұмыстарының да орындалу барысын тексерді.

Ол сондай-ақ, 12794 әскери бөлімінің әскери техника паркінде болды. Әскери бөлімдерге жас сарбаздардың келуіне байланысты Бас штаб бастығы казармалық қор мен оқу орталығының жай-күйін, сондай-ақ әскери бөлімдердің әскерге шақырылушыларды орналастыруға және оқытуға дайындығын егжей-тегжейлі зерделеді.

Өскемен гарнизонының Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы механикаландырылған құрамасында Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов бөлім командирінің баяндамасын тыңдады.

Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне барған кезде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскерге шақыру комиссиясының жұмысын ұйымдастыруға, әскерге шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізуге және психологиялық тестілеуге ерекше назар аударды.

Әскери-техникалық мектептің филиалында ол оқу процесінің ерекшеліктерімен, оның материалдық-техникалық базасымен танысты. Курсанттармен әңгімелесу барысында әскери-есептік мамандықты игерудегі жетістіктер мен олардың болашақтағы жоспарларымен танысты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов гарнизондардың әскери инфрақұрылымын дамыту, әскери объектілерді техникалық жарақтандыру және жеке құрам үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button