Education

Елімізде «Әлеуметтік әмиян» жобасына қанша мектеп қосылған?

BTS Digital ЖШС бас директоры Нұртай Әбілғалиев Үкімет отырысында еліміздегі «Әлеуметтік әмиян» жобасының іске асырылуы туралы баяндады.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. «Әлеуметтік әмиян» барлық мемлекеттік қолдау шараларын цифрлық, атаулы және проактивті түрде көрсетуге көшуге және халықтың қажеттіліктерін уақтылы қанағаттандыруға бағытталған. Жоба цифрлық технологияларды енгізу арқылы әлеуметтік көмек құралдарын мақсатсыз пайдалануды барынша азайтуға да ықпал ететін болады.

«Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» Үкіметтің электрондық порталы – “e-Gov mobile” ішінде жеке қызмет ретінде іске қосылған. Ақшалай емес мемлекеттік қолдау шараларын көрсету бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп “Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету” сервисі іске асырылды. “Әлеуметтік әмиян” арқылы дәрі-дәрмектер бүкіл республика бойынша беріледі. Еліміздегі барлық 773 дәріхана қосылған. Бүгінгі таңда 4,2 млн-нан астам рецепт қамтамасыз етілді.

“Әлеуметтік әмиян” медициналық қызметкерлердің жүктемесін азайтады, қағаз рецептер алу үшін дәрігерге барудың қажеті жоқ. Дәрі-дәрмек алу тарихы бір қосымшада сақталады және дәріні өз бетімен ала алмайтын жағдайда жақын туыстарымен бөлісу мүмкіндігі бар. “Әлеуметтік әмиян” медициналық ұйымдар тарапынан жалған есеп беру тәуекелін төмендетіп, “Қазақтелеком” АҚ таңбалау жүйесі арқылы дәрінің өндіруден/елге кіргізілген сәтінен бастап сатылымнан алынғанға дейінгі жолын қадағалауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Нұртай Әбілғалиев.

Сондай-ақ спикер Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп «Тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету» қызметі іске асырылғанын айтты. Қазіргі уақытта жобаны бүкіл еліміз бойынша кеңейту жүргізілуде. «Әлеуметтік әмиянға» 5 мыңнан астам мектеп қосылып, 2,6 млн-нан астам түскі тамақ берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button