Ғалымдар түйетабан өсімдігінің қатерлі ісікке қарсы қасиеттерін зерттеп жатыр

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қатерлі ісікке қарсы қолданылатын дәрілік препараттарды әзірлеу тәсілдерін жетілдірді
Университет мамандары Іле-Балқаш өңірінде өсетін бұршақтүсті түйетабан өсімдігін зерттеп, оның қатерлі ісік ауруына қарсы белсенділігін анықтады, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Бұршақтүсті түйетабан ертеден халық медицинасында кеңінен қолданылған. Дегенмен аталған өсімдік ғылыми тұрғыда толық зерттелмеген. ҚазҰУ ғалымдары алғаш рет оның құрамындағы фитохимиялық және биологиялық белсенді заттарды анықтауға бағытталған ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта отандық фармацевтиканы дамытуға септігін тигізбек.
«Жоба нәтижесінде бұршақтүсті түйетабан өсімдігінің биологиялық белсенділігі жоғары екені анықталды. Өсімдік сығындылары антиоксиданттық, антимикробтық және цитоуыттылық қасиеттерімен ерекшеленді. Мәселен, этанол сығындысы күшті антиоксиданттық белсенділік көрсетті, ал этил ацетаты сығындысы бактерияларға қарсы тиімділік танытты. Сондай-ақ өсімдіктің белгілі бір сығындылары лейкемия жасушаларына қарсы тұра алатыны дәлелденді. Мұны болашақта қатерлі ісік ауруына қарсы дайындалатын дәрілерге пайдалануға болады», – дейді ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, докторант Гүлзат Қайранова.
Ғылыми жоба бойынша қауымдастырылған профессор Әсем Мамурова, PhD доктор, Түркия профессоры Ахмет Бейатлы және ҚазҰУ докторанты Гүлзат Қайранова жұмыс істеуде. Болашақта мамандар патент алуды және жоғары рейтингтік ғылыми журналдарға мақала дайындауды жоспарлап отыр.