
Франция астанасында жасанды интеллект саласындағы іс-қимылға арналған әлемдік саммит – Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық әріптестіктің (GPAI) елдері арасындағы министрлік кездесуі өтуде. Іс-шараға Франция Президенті Эммануэль Макрон, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо және ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корман қатысты, деп мәлімдейді ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі.
Франция Президенті Эммануэль Макронның шақыруымен Қазақстан делегациясын цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев басқарды. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының GPAI-ға – жасанды интеллект технологияларын дамыту және жауапты қолдануға бағытталған халықаралық бастамаға қосылуға ниетті екенін айтты.
Министрліктің баспасөз қызметі атап өткендей, іс-шараға 44 ел қатысты. Олардың ішінде Камбоджа, Мальта, Румыния, Хорватия, Руанда, Марокко және Қазақстан GPAI-ға мүше болуға қызығушылықтарын білдірді. Жақында серіктестік қатысушылары олардың өтінімдерін қарау процесін мақұлдаған еді. Бұл мәлімдеме жасанды интеллекттің жаһандық басқару аясында кең ауқымды және әртүрлі қатысуға жол ашады.
Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев елдегі цифрлық трансформация нәтижелері мен жасанды интеллектті дамыту жоспарларымен бөлісіп, Alem.AI орталығының тұжырымдамасы туралы айтты.
«Қазақстан жасанды интеллекттің болашағымызды қалыптастырудағы маңызды рөлін мойындайды және бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде GPAI-ды жоғары бағалайды. Біз үкіметтер мен сарапшыларды біріктіре отырып, GPAI-дың жасанды интеллектке байланысты мүмкіндіктер мен сынақтарға жауап беру жөніндегі күш-жігерін қолдаймыз және оның жасанды интеллект саласындағы білім мен тәжірибені бүкіл әлемге тарату миссиясын толықтай құптаймыз. Қазақстанда біз ұлттық жасанды интеллект экожүйемізді белсенді түрде дамытып жатырмыз. Біз Alem.AI – жасанды интеллект саласындағы инновацияларды қолдау, стартаптардың дамуын жеделдету және ғылыми зерттеулерді ынталандыруға арналған Халықаралық орталық құрып жатырмыз. Жылына 200 мың азаматты мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін базалық және ілгері деңгейдегі жасанды интеллект дағдыларына оқытатын кешенді білім беру бағдарламалары арқылы адами капиталды дамытуға міндеттенеміз», – деді Жаслан Мәдиев.
Іс-шара сондай-ақ ЭЫДҰ-ның жасанды интеллектке қатысты ұсынымдарын іске асыруды ілгерілету бойынша GPAI жұмысына арналған талқылау алаңы болды. Талқылау барысында жасанды интеллект саласындағы алшақтықты жою, ИИ-дің еңбек нарығы мен қоршаған ортаға әсерін түсіну және бағалау, тұрақты ауыл шаруашылығын қолдау, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау арқылы инновацияларды ынталандыру, сондай-ақ деректерге қол жеткізу мен оларды жауапкершілікпен алмасуды жақсарту мәселелері қозғалды.