Education

Қазақстанда EdUHK білім беру академиясы және озық тәжірибе орталықтары ашылды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «EdUHK – қазақстандық білім беру академиясының» және озық тәжірибе орталықтарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Бұл іс-шара Гонконг білім академиясының, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰҚПУ-дың Академиялық ортаны жақсартуға және жаһандық ауқымда тұрақты білім беру тәжірибесін дамытуға бағытталған бастамасы негізінде жүзеге асып отыр. Қазақстандық білім беру академиясы халықаралық білім мен тәжірибе алмасуға, озық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік беретін болады. Жиынға Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) президенті, профессор Джон Ли Чи-Кин арнайы келді.

Салтанатты шараның маңыздылығына тоқталып, арнайы құттықтау хатын жолдаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке шетелдік меймандар алғысын білдірді.

Абай университетінің ректоры Болат Анапияұлы бұл қадам инклюзивті білім беру мен жасанды интеллектіні отандық білім беру жүйесіне енгізуге үлкен үлесін тигізетінін атап өтті. Кәсіби даму орталығының ашылу салтанатында QyzPU ректоры Гүлмира Қанай EdUHK – қазақстандық білім академиясы аясында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бес оқу бағдарламасын әзірлеу жоспарланғанына тоқталды.

«Гонконг білім академиясының Қазақстандағы жетекші университеттердің алдыңғы қатарындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанынан «EdUHK – қазақстандық білім беру академиясын» ашу бастамасы – жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін жаһандық жоба», – деді профессор Джон Ли Чи-Кин.

Гонконг білім беру университетінен және еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарынан келген қонақтар Абай университеті жанынан ашылған «Инклюзивті білім беру және білім берудегі жасанды интеллект» орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық алдағы уақытта білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге және оқыту сапасын жақсартуға ықпалын тигізетін болады. Жаңа білім беру нысаны педагогика және білім беру саласында озық зерттеулер жүргізетін орынға айналмақ.

Инклюзивті білім беретін инновациялық орталық еліміздің жоғары оқу орындары мен педагогикалық қоғамдастығы үшін үлгі болып, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру ордасы ретінде танытуға септігін тигізетіні анық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button