EducationБасты

Асхат Аймағамбетов Ақпараттық технологиялар колледжінің жұмысымен танысты

Асхат Аймағамбетов Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінің жұмысымен танысты. Мұнда 653 адам мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша тегін оқиды. 22 студент «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр.

Колледждің материалдық-техникалық жағдайымен танысқаннан кейін Оқу-ағарту министрі «Өндіріске керек маман дайындау» тақырыбына арналған жиынға қатысты. Колледж және жергілікті кәсіпорын басшылары кәсіптік және техникалық білімді дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтып, сұрақтарын қойды. Жиында дуалды оқыту жүйесінің ендігі даму бағыты, кәсіптік стандарттар мен жан басына қаржыландыру тәртібіне өзгерістер енгізу секілді мәселелер талқыланды.

Павлодар облысына сапары аясында Оқу-ағарту министрі қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің басшыларымен, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілерімен кездесті. Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі және орта білім беру бағыты бойынша қолға алынған бастамалардың маңызын түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді. Кездесуде балабақшаларды лицензиялау арқылы ата-аналардың сенімін арттыру, жаңа оқу жылына дайындық, жазғы мектептердің нәтижелері мен тағы да басқа тақырыптар қозғалды. Министр білім беру саласының өкілдерінен түскен барлық ұсыныс-тілектер ескеріліп, көтерілген мәселелер бойынша нақты жұмыс жүргізілетінін айтты.

Асхат Аймағамбетовтің Павлодар облысына жұмыс сапарының негізгі мақсаты жергілікті халық алдында есеп беру жиынын өткізу болды. Аймақ тұрғындарымен кездесу Торғайғыров университетінде өтті. Алдымен Оқу-ағарту министрі білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында қабылданған шешімдер мен жаңашылдықтардың маңызы мен мазмұнын түсіндірді. Артынша үш сағаттан астам уақыт бойы барлық ниет білдіргендер министрге сұрақ қойып, толғандырған мәселелерін айтты. Оқу-ағарту министрі мектептерде оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі не үшін жүргізілетінін түсіндірді. Сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздарын ынталандыру, мектептегі қауіпсіздік пен санитарлық талаптар туралы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал отбасылардың балаларына қолдау көрсетудің жаңа тетіктері тұрғындардың көңілінен шықты. Ата-аналар мектеп асханаларындағы баға және тамақ сапасына қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу бастамасын да қолдады. Халықпен кездесуде көтерілген барлық мәселелер күрделілігіне қарай жергілікті артқарушы органдардан бастап, министрліктің деңгейінде шешілетін болады.

Жұмыс сапарының соңында Асхат Аймағамбетов Жетекші жалпы білім беру мектебіне, «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі мен Павлодар педагогикалық университетіне соқты. Оқу-ағарту министрі білім беру мекемелерінің жұмысымен танысып, педагогтер және білім алушылармен әңгімелесті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button