Қазақстанда қанша объект мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген?
2024 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында елімізде 22 777 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі толық бейімделді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады. Осылайша, 2023 жылы – картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%.
2024 жылдың соңына дейін еліміз бойынша 17 325 нысанды бейімдеу жоспарланған болатын, өңірлерде бұл жоспар асыра орындалды, 22 777 нысанда бейімдеу жүргізілді.
Мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 22 777 объекті қол жетімді, олар:
– денсаулық сақтау объектілері – 3 385;
– білім беру объектілері – 7 577;
– мәдениет нысандары – 1 819;
– сауда және қызмет көрсету объектілері – 3 943;
– мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 3 367;
– спорт нысандары – 397;
– көлік инфрақұрылымының объектілері – 108;
– әлеуметтік қорғау объектілері – 140;
– қоғамдық тамақтандыру ұйымдары – 529;
– ойын-сауық және демалыс нысандары – 74;
– басқалары – 1438.
«Жыл сайын мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділік жағдайлары жақсарып келеді. Нысан иелері мен кәсіпкерлердің ерекше қажеттіліктері бар адамдар алдындағы жауапкершілігі көңіл қуантады. Астанадағы жаңа нысандарда мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімді жағдай жасалғаны байқалады: пандустар, баспалдақтардағы тұтқалар, тактильді құралдар, лифттер бар. Бұрын жұмыс істеп тұрған нысандар да клиентке бағдарланған, біз үшін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Мысалы, 2024 жылы MEGA Silk Way сауда орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілді, егер бұрын кіру мүмкіндігі шектеулі болса, қазір мүгедектігі бар адамдар сауда орталығына, тіпті екінші қабатқа да көтеріле алады. Жалпы, мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде жұмыс тиісті деңгейде жүргізілуде деп санаймын», – деп бөлісті бірінші топтағы мүгедектігі бар Дастан Раушанбеков.
Бұдан басқа 2024 жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің өңірлік департаменттері мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 2 695 тексеру жүргізді.
Оның ішінде: 741 – профилактикалық бақылау шеңберінде, 751-жоспардан тыс тексеру, 1203 – прокуратура органдарының талабы бойынша.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 1087 ұйғарым берілді, 230,3 млн теңгеден астам сомаға 973 әкімшілік айыппұл салынды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оны жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.