EconomyБасты

Шикізаттық емес экспорт төмендеді

Finprom.kz порталының мәліметінше, осы жылдың төрт айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 28,2 млрд доллар көлемінде тұрақтап, 2019 жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл 1,7%-ға азайды. Тауарлар импорты 3,5%-ға төмендеп, 9,8 млрд долларды құрады.

Осы ретте отандық тауарлар экспорты 0,7%-ға қысқарып, 18,4 млрд доллар көлемінде байқалғанын айта кеткен орынды. Тұтастай алғанда, былтыр экспорт 5,3%-ға, атап айтсақ 57,7 млрд долларға төмендегенін ескерсек, биыл экспортпен бірге сыртқы сауданың жалпы көлемінің өсу серпіні күтілген-ді. Алайда COVID-19 пандемиясының өршуі мен мұнай нарығындағы баға соғысы отандық сауда секторына кесірін тигізбей қоймады.

Шикізаттық емес экспортты ілгерілету мен дамыту бағытында еліміз бірнеше бағдарламаны жүзеге асыру арқылы экспорттық өнімді өткізудің жаңа нарықтарына шығуға мүмкіндік алды. Айталық, алғаш рет Бангладешке әскери мақсаттағы жабдықтар саудаланды. Италияға аккумуляторлар жеткізіліп, Біріккен араб әмірліктеріне ірі көлемдегі бал өнімінің тасымалы жолға қойылды.

Сауданың бұл сегментін өркендетуге тиісті мемлекеттік бағдарламалар мен даму институттарының көптігіне қарамастан сыртқы нарықта Қазақстанның шикізаттық қауқары басым екені әлі де байқалуда. Қаржы порталының сарапшылары төрт айдың нәтижесі бойынша экспорттың 77,5%-ы минералды өнімдерге (14,2 млрд доллар) тиесілі екенін нақтылады. Мәселен, металдар мен олардан жасалған бұйымдардың көлемі 11,4%-ға немесе 2,1 млрд долларға жеткен. Сауда және интеграция министрінің айтуынша, 2019 жыл шикізаттық емес экспорт индексінің төмендеуімен есте қалды. Бұл аталған бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсуді аңғартса керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button