Онлайн форматында тұңғыш рет білім құрылтайы өтті. Білім құрылтайын Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім құрылтайының басты мақсаты – Елбасының ой-тұжырымына сүйеніп, шетелдік қандастардың дүниетанымын, ұлттық ділін қазақ тілі арқылы ой- саналарында орнықтыру, жалпы қазақ мүддесіне қызмет ету құзырет- тілектерін қалыптастыру.
Онлайн құрылтайға «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қоры», шетелдегі Түркия, Германия, Ұлыбритания, Франция, Швециядағы қазақ мәдени орталықтарының басшылары, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ф.ғ.д., профессорлары, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық филиалының басшысы қатысты.
Құрылтайдың модераторы Шəкəрім университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мейір Ғариполлаұлы болды.
Құрылтай шеңберінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Серғазыұлы қазіргі кезде сырттағы қандастарымызды қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандастарға қамқорлық саясатының арқасында шетелдегі қандастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді», – деді ол.
Сонымен қатар, шара барысында жастар арасында қазақ тілін, тарихын және мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды.