SocialБасты

Астанада «БІЛІМ – КҮШ» зияткерлік ойындары өтті

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен елорда саябақтарында «БІЛІМ – КҮШ» зияткерлік ойындары өтті

Атап айтсақ, «Жетісу» саябағында екі ойын және қалалық Арбатта бір ойын ұйымдастырылды. Жалпы үш ойынға 48 бала қатысып, ойындар барысында белсенділік танытқан өзге де балалар түрлі сыйлықтарға ие болды.

Жаңылтпаштарды қайталау арқылы іріктеуден өткен балалар өзара командаларға бөлінді. Ойынның алғашқы бөлімінде командалардың мақсаты – шашыраңқы сөздерден мақалдар құрастыру болды.

Ойынның келесі бөлімінде балалар ребустар шешсе, үшінші «Алфавит» деп аталатын бөлімінде берілген ситуацияларға байланысты қазақ алфавитінің әр әрпінен басталатын сөздер арқылы әңгіме құрастыруы қажет болды.

Атап өтерлігі, іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жан-жақты кеңейту, қазақ тілінде сөйлесудің танымалдылығын арттыру, балалардың жазғы демалыстарын қызықты әрі пайдалы өткізу, ана тілін үйренудің маңыздылығына назар аудару.

Сол себепті ойындарға қазылық етуге тіл мамандары, алаштанушы ғалымдар шақырылды. Шаралар барысында ойындармен қатар белгілі әншілер қатысушыларға ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әр ойынға қатысушы балалар шара соңында дипломдармен марапатталып, мамандандырылған дүкендердің сертификаттарына ие болды.

Қала тұрғындары мен қонақтары ойындарға оң баға беріп, балалар ойнайтын орындарда осындай шаралардың жиі өткізілуі мемлекеттік тілімізге деген сұраныстың артуына өз септігін тигізетінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button