Social

Президент: Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі

Биылдан бастап қазақстандықтар әз-Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өтуде: енді мерекелік шаралар бүкіл ел бойынша он күнге созылып, әрқайсысы белгілі бір мәдени дәстүр немесе ұлттық құндылықтарға арналады. Ал бүгін қазақстандықтар Ұлттық киім күнін атап өтуде.

Ұлттық киім – кез-келген ұлттың мәдениеті мен тарихының маңызды бөлігі. Сондықтан ұлттық нақыштағы киімнің тек ою-өрнекпен көмкерілген дизайны ғана емес, оның қандай матадан тігілгені де өзгеше мағына береді. Мысалы, халқымыз көбіне киімді жібек пен барқыттан, жүннен, киізден немесе жұмсақ мақта матадан пішкен.  Ежелден киген киіміне қарап, адамның жасын, әлеуметтік жағдайы мен қызығушылын анықтау мүмкін еді.

Атаулы күнге ұштастырыла Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы дәстүрлі киімдердің маңызы мен құндылығы жайында бейнеролик дайындады. Басты мақсат – ұлттық киіміміздің құндылығын дәріптеу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық киімнің маңызы жайында жиі айтады.

«Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты», – деді Президент.

Ұлттық киім күнінің пайда болуына себепкер болған Дәулет Мұқаевтың да пікірінше, бұл дәстүр тек бір күндік шара болып қалмай, жалғасын табуы қажет.

Расында да, соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киім үлгілерін заманауи стильге икемдеп жүргендер көп. Тіпті ұлттық нақыш пен заманауи стильді қамтыған түрлі киімдер шетелдігі сән апталықтарында елімізді таныстырып жүр.

Ұлттық киімнің құндылығы мен қазіргі көрінісі жайында басқа да ақпаратты Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен әзірленген бейнероликтен көре аласыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button