Social

Елордада «АСТАНА НАУРЫЗЫ» мерекелік кеші өтті

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен 2024 жылғы 27 наурыз күні ел ордасында «АСТАНА НАУРЫЗЫ» атты мерекелік кеш өтті

Зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылардың қатысуымен өткен кеште биыл алғаш рет жаңа форматта тойланған Наурыз мейрамы кезінде атқарылған жұмыстар мен оның қорытындысы көпшілік назарына ұсынылды.

Наурызнама онкүндігі жайында арнайы дайындалған бейнероликпен шымылдығы ашылған мерекелік кеште Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ директор Әділ Орынбасарұлы құттықтау сөз сөйлеп, рухани құндылықтарымызды ұлықтау мен қазақ тілінің дәрежесін көтеруде елеулі еңбек етіп жүрген тіл жанашырларын марапаттады.

Марапат иегерлерінің қатарында журналист және белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен, этнолог-тарихшы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Тұрар Саттарқызы, алаштанушы ғалым, журналист Алма Сайлауқызы, қазақ тілінің оқытушылары Валентина Умарканова және Сагым Естемисова, Астанадағы қазақша куиз клубтарын ұйымдастырушы Мерей Ермұханов және спортшы, аға бапкер Мұхит Амантай да бар. Тіл жанашырларына Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атынан алғыс хат пен арнайы сыйлық табысталды.

Сондай-ақ кеш қонақтарына ұйымдастырушылар атынан ерекше мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мысалы, іс-шара басында қатысушылар Наурыз көже ішіп, арнайы құрылған киіз үй алдында бүркітпен, тазы итпен суретке түссе, кештің салтанатты бөлімінде сахна төрінде ДОС, Перизат Тұрар, Мейірбек Сұлтанхан сынды өнер жұлдыздары, «Шалқыма» би ансамблі, «Жастар театрының» ұжымы өнер көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button