Қазақстандықтар 19 наурыз – Жаңару күнін атап өтуде
Президент тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өту тұжырымдамасы жасалған болатын. Бекітілген құжатқа сәйкес қазақстандықтар бүгін 19 наурыз – Жаңару күнін атап өтуде.
Әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын тұспалдайтын бұл күнді тойлаудан елордалық әуежай қызметкерлері де қалыс қалған жоқ.
Жаңару күніне орай Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Астана Халықаралық әуежайында «Тоғыз қадам» ойынын өтті.
Халық арасында әз-Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлауды насихаттау мен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген сайысқа 9 әуежай қызметкері сынға түсті.
Білім мен шапшаңдықты талап ететін ойында бақтарын сынаған қатысушыларға Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы мен қазақ тілі турасында түрлі сұрақтар қойылды. Барлық сауалға бірінші дұрыс жауап беріп, «тоғыз қадам» жасаған жеңімпаз ұйымдастырушы – Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атынан арнайы сыйлыққа ие болды.
Сайыс соңында Астана халықаралық әуежайының басшысы әуежай қызметкерлерін 19 наурыз – Жаңару күні мерекесімен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Интеллектуалды ойынмен басталған мерекелік шараға өнер жұлдыздары да қатысып, ерекше атмосфера сыйлады.
Осылайша Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ел ордасында Наурыз мейрамын ерекше атап өтуге өз үлесін қосты.