Social

Елорда жастары әз-Наурыз тойының бастау алғаны туралы жар салды

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен осы күні жастар елорда сауда орталығының бірінде қала тұрғындарын және қонақтарын Көрісу күнімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетсек, елімізде Наурыз мейрамы 10 күн тойланатын болды.

Президент тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасы жасалған болатын. Үкімет бекіткен құжатқа сәйкес қазақстандықтар биыл 14 наурыз – Амал күнінен бастап, 23 наурыз – Жоралғы күніне дейін атап өтеді.

 «Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз.

Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында.

Осы орайда, 10 күндік «Наурызнаманың» алғашқы легі Амал күнінен бастау алды.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының  бастамасымен Әз-Наурыздың алғашқы хабаршысы – Көрісу күні елорда жастар ұлттық киім киіп, үлкендердің батасын алып, ізгі тілектерін тыңдады.

Сұхбаттасқан қала тұрғындарының көбі Амал мерекесінің құндылығы мен маңызын, сондай-ақ аталмыш күнді бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдіс екенін баса атап өтті.

Әр әулеттің Көрісу күнін атап өтуде өзіндік дәстүр бар. Алайда түпкі мағынасы – аязды қыстан кейін аман-есен қауышқан жақын жандармен кездесіп, ізгі тілек тілеу салты сақталған.

Осылайша елорда жастары қала тұрғындарына әз-Наурыз тойының бастау алғаны туралы жар салды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button