Марат Қарабаев Парламент Сенатының отырысына қатысты
Көлік министрлігінің басшысы Сенат депутаттарының «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі туралы депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жалпы теміржол көлігімен жыл сайын жүктерді тасымалдау көлемінің өсу үрдісі байқалады. Мәселен, өткен жылы жүктерді тасымалдау көлемі 297 млн тоннаны құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 4 пайызға артық. Биыл сондай-ақ қосымша жаңа локомотивтер сатып алу жоспарланып отыр.
«2023 жылы ҚТЖ қаражаты есебінен 113 локомотив сатып алынды, оның ішінде 40 электровоз, 59 магистральдық тепловоз және 14 маневрлік тепловоз. Биыл тағы 194 локомотив сатып алу жоспарда бар. Сонымен қатар 2028 жылға дейін 359 локомотив, оның ішінде 193 электровоз және 166 тепловоз сатып алу жоспарланған. Қытайлық CRRC компаниясымен жаңа локомотивтерді сатып алу бойынша шарт жасалды», – деді министр.
Отырыс барысында М.Қарабаев депутаттардың 2030 жылға дейінгі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және «Ақылды темір жол» жобасын іске асыру тұжырымдамасына қатысты сауалдарына жауап берді.
Көлік саласына жауапты министр теміржол вокзалдарының инфрақұрылымы туралы айта келе, 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар есебінен Павлодар, Шымкент және Түркістан қалаларының теміржол бекеттерін қайта жаңарту басталғанын айтып берді. Атап айтқанда, шатыр, қасбет, баспалдақ және жолаушыларға арналған платформаны жөндеу; инженерлік және төмен токты жүйелерді жөндеу немесе ауыстыру; әрлеу жұмыстары, санитарлық тораптарды жөндеу; мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Жалпы бүгінгі таңда туристік аймақтардың 10 негізгі бағыты бар. Осы бағыттар бойынша 134 жұп жолаушылар пойызы жүреді.
Сондай-ақ бұл күні теміржол қызметтерін ұсыну және теміржол көлігінде жүктерді тасымалдау сапасына қатысты мәселелер де талқыланды. Отырыстың қорытындысы бойынша Көлік министрлігінің басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына да жауап берді.