Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов норвегиялық Свалбард провинциясының әкімшілік орталығы – Лонгйир қаласына жасаған іс-сапары барысында бірқатар жергілікті іскерлік және ғылыми-зерттеу құрылымдарының басшыларымен кездесулер өткізді, соның ішінде Арктикалық әлемдік мұрағатқа сақтау мақсатында ұлттық рәміздермен файлдар тапсырды. Бұл туралы Сыртқы Істер министрлігі хабарлады.
Свалбард (Шпицберген архипелагы) халықаралық ғылыми-зерттеу қауымдастығы үшін ерекше мағынаға ие. Солтүстік полюске жақын орналасқандығына және бірегей климаттық жағдайларға байланысты бұл жерде бірнеше елдің ғылыми станциялары және телекоммуникация, метеорология, сейсмология, ғарыштық зерттеулер мен т.б. салаларындағы бірқатар маңызды жоғары технологиялық объектілер жұмыс жасайды.
«Биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өтеді. Бүгінгі таңда біздің ел посткеңестік кеңістіктегі екінші, ал Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қоғамдық-саяси мен экономикалық салаларда кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, еліміз халықаралық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін белсенді түрде зерттеуде. Біз Свалбардтың жетекші компанияларымен инвестициялық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты талқылау үшін келдік», – деді Е. Ахинжанов Свалбард губернаторының міндетін атқарушы Сөлви Элведалмен өткен кездесу барысында.
Сапар аясында Свалбардтағы Дүниежүзілік тұқым қоймасының үйлестірушісі Осмунд Асдалмен, сондай-ақ жердегі «SvalSat» жерсеріктік станциясының директоры Майя-Стина Экстедтпен мазмұнды кездесулер өтті. Ғылым, технология және білім салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері Свалбардтағы Университеттік орталығы мен Норвег полярлық институтында талқыланды.
Осымен бірге қазақстандық делегация тарихи мен мәдени тұрғыдан мағыналы, маңызды ірі деректер, зияткерлік меншік және т.б. ақпараты бар цифрлық деректерді сақтайтын Арктикалық әлемдік мұрағатқа да барды. Айтылудағы деректер 500 жылдан астам қызмет ету мерзіміне арналған және мәңгілік мұз жағдайында тереңдіктегі болат қоймасында сақталуда.
Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында мемлекеттік ту, елтаңба, әнұран, Конституция және 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңы бар ақпараттық файлдар Мұрағатқа орналастырылды. Файлдар Арктикалық әлемдік мұрағатты басқаратын «Piql» компаниясының арнайы технологиясымен алдын ала мұрағатталған болатын.