ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жаңа ақпараттық жүйе таныстырылды, деп хабарлайды Рrimeminister.kz
Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу бойынша ақпараттық жүйе құруды көздейді. Бұл барлық тарапқа – кәсіпкерлерге және мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен квазимемлекеттік сектор өкілдеріне бірдей пайдалы болады деп күтілуде.
Цифрлық платформаның функционалы барлық процесті, оның ішінде инвесторлар үшін Қазақстан Республикасында қолжетімді мемлекеттік қызметтерді толық қамтуға мүмкіндік береді.
Инвестицияларды тарту мәселелерінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – Үкіметтің басым және өзекті міндеттерінің бірі. Ұлттық инвестициялық платформа ең алдымен инвесторлар үшін әзірленіп жатқаны атап өтілді. Сондықтан ол барлық ұсынылған қолдау шараларын қамтуы қажет және пайдаланушылар үшін мүмкіндігінше ыңғайлы болуы керек.
Ұлттық инвестициялық платформа көптеген процесті жеңілдетіп қана қоймай, олардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырады деп күтілуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға платформаны іске қосуды жеделдету және жүйеге инвестициялық жобалар бойынша барлық деректі енгізу тапсырылды.
Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің отырысында көлік, логистика, денсаулық сақтау және туризм салаларында іске асыру жоспарланған жобалар да қаралды.
Атап айтқанда, көлік саласының инвестициялық әлеуеті бойынша ҮАААЖ жобасын іске асыру мысалында «концессия» механизмін одан әрі дамыту, сондай-ақ азаматтық авиация және теміржол көлігі саласындағы жобалар пулын бірнеше есе ұлғайту қажеттігі атап өтілді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша медициналық жабдықтар өндірісін локализациялау, биотехнологиялық препараттар өндірісін кеңейту және клиникалар салу сынды жекелеген инвестициялық жобалар қаралып, тапсырмалар берілді.
Аймақтар бойынша Ұлытау облысы әкімдігінің инвестициялар тарту жөніндегі жұмысы қаралды. Бүгінде өңірде 19 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылған, оның шеңберінде 1700-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін өңірге инвестициялар тарту бойынша қажетті шараларды қабылдау керек екені атап өтілді. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға аталған барлық проблемалық мәселелерді қысқа мерзімде шешу тапсырылды.