EducationБасты

«Тестілеуде көшіріп жазған адам грант ұтып алса, әділетсіз болады»: ҰБТ тапсырған түлек өз пікірімен бөлісті

ҰБТ-ден 109 балл жинаған Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Тоқсан би орта мектебінің түлегі Дәурен Тенесов тестілеудегі биылғы жылғы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі

Мен әділдікті жақтаймын! Сондықтан мемлекеттік білім беру грантын тыйым салынған заттарды пайдаланған талапкер емес, тест тапсырмаларын тек өз біліміне сеніп орындаған тестіленуші ұтып алғанын қалаймын», – дейді Дәурен Тенесов. Талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуде 109 балл жинады.

– «Мен өткен жылғы түлектерден «ҰБТ-да көшіріп жазу әбден мүмкін және қалыпты жағдай», «мен шпаргалка пайдалана алдым», «тыйым салған заттарды пайдаландым, дегенмен ешкім байқамады» деген әңгімелерді жиі еститінмін. Өкінішке орай, көптеген түлек көшіріп жазу және тыйым салынған заттарды пайдалануға қатысты оң көзқараста. Менің ойымша, тестіленушілер көбінесе шпаргалканы өзіне сенімсіз болған соң пайдаланады немесе материалды толықтай меңгеруге тырыспайды. Шыны керек, ҰБТ-ға дайындалу үшін уақыт жеткілікті, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынақтары қолжетімді болды. Тестіленушілердің барлығы дерлік ереже бұзушылықтың салдарлары қандай болатынын жақсы түсінеді. Дей тұрғанмен, кейбіреулер бұл әрекеттерін әрі қарай жалғастырып жатыр!» – деп Дәурен Тенесов өзінің пікірімен бөлісті.

Дәурен тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған заттар анықталған жағдайда нәтижелерді жою және талапкерді ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен бір жылға айыру әділ шешім деп санайды.

– «Биыл калькуляторды қолдануға рұқсат етілді, бұл -талапкерлер үшін өте жақсы мүмкіндік. Тест тапсыруды жоспарлап отырған түлектерге айтарым: емтиханда шпаргалка немесе қосымша әдебиетті пайдалану мүмкін емес. Барлық аудиторияда бейнекамералар орнатылған және онлайн-трансляция жүргізіледі. Нәтижесінде тестіленушілер нақты уақыт режимінде бақыланып, бейнежазбалар 25 тамызға дейін талданып, зерделенетін болады. Менің ойымша, талапкерлер тестілеу барысында жаңа ережелерді сақтап, талаптарды барынша орындау қажет екенін түсінген сияқты», – деді түлек.

Биылдан бастап ҰБТ-ға кіргізу және емтихан кезінде тестіленушіден ұялы байланыс құралдары, анықтамалық материалдар, «шпаргалка» және басқа да ақпарат алмасу құралдары анықталған жағдайда талапкердің нәтижелері жойылады, сондай-ақ ол бір жыл бойы ҰБТ-ны тапсыру мүмкіндігінен айырылатынын естеріңізге саламыз.

– «Адам баласы тек өз күшіне ғана сенуі керек. Осындайда Абай атамыздың өнегелі сөздері тілге оралады: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Сондықтан ең алдымен, өзімізге сенімді, адал болуымыз керек», – деп Дәурен Тенесов өз ойын қорытындылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button