Agro

Сенаторлар Ақмола облысындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін талқылады

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, Ақмола облысына сапар барысында айтылған ұсыныстарды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде сенаторлар биылғы жылғы 12 мамырда Ақмола облысында көшпелі отырыс өткізіп, өңірдегі ауыл еңбеккерлерімен кездескенін атап өтті. Сенаторлар ауыл тұрғындары көтерген мәселелерге талдау жасады және салалық мемлекеттік органдардың назарына ұсынды.

«Сенат депутаттары еліміздің барлық өңірлерімен тығыз байланыс орнатып, осы өңірлердің өзекті мәселелерін республикалық деңгейде көтеріп келеді. Өңірлерге сапарлар менсенаторлардың жергілікті жерлерде фермерлермен кездесулері өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Бүгін біз Ақмола облысына сапардың кейбір қорытындыларын шығарып, анықталғанмәселелерді шешу мақсатындажауапты мемлекеттік органдардың жоспарларын тыңдауға ниеттеніп отырмыз», – деді Әли Бектаев.

Шараға ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, Ақмола облысы әкімдігінің және басқа да мемлекеттік органдардың, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері сенаторларға ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау, жемшөп базасымен қамтамасыз ету, арнайы ветеринариялық іс-шаралар өткізу және ішкі нарықты қорғау жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеуге қатысты атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Шараға қатысушылар жиналыс қорытындысы бойынша ауылдық аумақтарды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button