Education
Барлық гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген
Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып өтті. Естеріңізге сала кетсек, 18 мамырда негізгі ҰБТ-2023 басталды, ол 5 шілдеге дейін жалғасады. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 75% – ы қазақ тілінде, 25% – ы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2023 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейіне оқуға бөлінген білім беру гранттарының жалпы саны 88 мыңды құрайды. Оның ішінде: бакалавриатта оқу үшін 73 мың грант, магистратураға – 13 мың, докторантураға – 1890 грант бөлініп отыр», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пәндер, барлығы 120 тест тапсырмасы. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты Министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.
Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады.
«Тестілеу барысында «Информатика» пәнін қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі. Тестілеу аяқталған соң әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау қолжетімді болады. Балалар өз нәтижелерін ғана емес, сондай-ақ қандай тақырыптардан қате жібергендерін көріп, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігіне дайындығын жақсарта алады», – деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.