Алтай Көлгінов білім беру конференциясына қатысты
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов білім берудің жүйелі мәселелерін шешуге бағытталған «Білімді ұрпақ – білімді ел» конференциясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
«Қазақстан халқына» қоры бастамашылық еткен іс-шараға қатысушылардың алдында Алтай Көлгінов білім беру саласының өзекті мәселелерін көтерді. Олардың ішінде: мектепке дейінгі мекемелер және орта мектептерде орын жетіспеушілігі, «қала-ауыл» білім беру сапасындағы алшақтық. Сонымен қатар республикада педагогтар мен басқарушы кадрлар тапшылығы байқалады, 3 мың мектепті жоғары жылдамдықты интернетке қосу мәселесі шешілмеген, жоғары оқу студенттері үшін жатақханаларға қажеттілік бар.
«Үкімет білім берудің барлық деңгейінде тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, оқыту сапасын арттыру, тәрбие жұмысын күшейту және педагог мамандығының тартымдылығын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізуде», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.
2025 жылға дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5 мың мектеп заманауи стандарттар бойынша жаңғыртылады, 7 мың заманауи робототехника, химия, биология, физика, STEM мектеп кабинеттері ашылады. Студенттерге арналған жаңа жатақханалар кезең-кезеңімен енгізілуде.
«Білім беру саласының проблемаларын шешу үшін мемлекеттік шаралармен қатар бизнес пен азаматтық қоғамның белсенді қатысуы қажет. Бүгінде саланың бәсекеге қабілеттілігі бірлескен жұмыстың тиімді процестерін ұйымдастыру қабілетіне байланысты. Ал қайырымдылық ұйымдары – осындай өзара іс-қимылдың ең оңтайлы арнасы», — деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ вице-премьер бизнес, қорлар және қоғамдық ұйымдар өкілдерін Қазақстанның өркендеуіне тікелей инвестициялар болып табылатын елдің білім беру жобаларына үлес қосуды жандандыруға шақырды.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы проблемаларды шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруға бастамашы болғанын атап өту керек. Онда ірі кәсіпорындардан, жеке қайырымдылық қорлары мен ұйымдардан, меценаттар мен жеке тұлғалардан түскен қаражат жинақталған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт саласындағы 25-тен астам қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыруда, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуде.
Атап айтқанда, ауыр және сирек аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен, жастар мен мүгедек балаларды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету, ауыл мектептерінің түлектеріне және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге білім беру гранттарын беру жөніндегі бағдарламалар жұмыс істейді. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары өңірлерде Назарбаев Зияткерлік мектебі стандарттары бойынша 17 тірек мектеп құрылып, материалдық-техникалық және жаңа білім беру технологияларымен толық жаңартылды.